Олжас Бектенов: Салық органдарының міндеті – жазалау емес...
Фото: Үкімет
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов салықтық есептілік 30, ал салықтар мен алымдардың саны 20 пайызға қысқаратынын айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Халықтың табысының маңызды көзі саналатын кәсіпкерлікті дамыту – Мемлекет басшысының әрдайым ерекше назарында. Бүгінде елімізде 2,2 миллионнан астам шағын бизнес субъектісі жұмыс істейді.Онда шамамен миллион адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес жүргізу қағидаларын жетілдіріп, оны неғұрлым түсінікті әрі ашық болуын қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бизнес-қауымдастықпен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, жаңа салық саясатын қалыптастыруда, – деді Үкімет басшысы.
Бектенов негізгі маңызды өзгеріс ретінде сервистік модельге көшуді атады.
Кәсіпкерді тіркелген сәтінен бастап, қызметінің барлық кезеңінде фискалдық қолдау жүйесі енгізілуде. Салық органдарының алдында тұрған міндет қателіктер үшін жазалау емес, керісінше қателеспеуге көмектесу. Екіншіден — есептілік пен бюрократияның азаюы. Салықтық есептілік 30, ал салықтар мен алымдардың саны 20 пайызға қысқарады. Бұл кәсіпкердің есеп беруге жұмсалатын уақытын азайтып, өз бизнесін дамытуға көбірек көңіл бөлуіне ықпал етеді, – деді ол.
Үкімет басшысы үшіншіден тексерулер тек тәуекелдер бойынша ғана жүргізілетін айтты.
Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық. Микро және шағын бизнес үшін маңызды мәселе – 2026 жылға дейінгі кезеңдер бойынша салық тексерулері мен камералдық бақылау алынып тасталады. Адал бизнес салық органдарының келуін күтпей, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік алады, – деді Олжас Бектенов.
Ол төртіншіден айыппұл салуға емес, алдын алуға баса назар аударылатынын атап өтті.
Ықтимал заң бұзушылықтар орын алған кезде алдын ала хабардар ету тетігі енгізіледі. Бұл бизнеске іс-әрекетін қаржылық шығындарсыз күні бұрын түзетуіне мүмкіндік береді. Бесіншіден, жаңа Бюджет кодексі шағын бизнестен түсетін барлық салық түсімдерін әкімдіктердің иелігінде қалдыруды көздейді. Енді әкімдер әрбір кәсіпкердің табысқа жетуіне мүдделі болады. Өйткені ол жергілікті бюджет кірістерінің өсуіне тікелей ықпал етеді. Салық төлеуші «Цифрлық бюджет» арқылы аударым қаражатының өзі тұратын аймақты көркейтуге қалай әсер етіп жатқанын көре алады, – деді Премьер-министр.
Пікірлер (0)