Өнеркәсіп, ауызсу және егіс: Шортанды ауданы бес айдың қорытындысын жариялады
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен бөлісті. Баяндаманың негізгі бағыттары — өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сумен қамту және инвестициялар.
Ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 63,3 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Шортанды облыс көлемінде 5-орынды сақтап отыр. Алайда нақты көлем индексі 87,5%-ға дейін төмендеген. Бұл уақытша жағдай өндірістік нысандардың кейбірінде жұмыстың тоқтап қалуымен байланысты.
Мәселен, бес айда 817 кг алтын мен 274 кг күміс өндірілді — бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Бұған «Алтын Алмас» кәсіпорнына тиесілі екі карьердің жабылуы және Жолымбет алтын өндіру фабрикасының уақытша тоқтауы себеп болды.
«Жұмыстар апаттық себептермен емес, ескі учаскелердегі қазбалар аяқталғандықтан тоқтатылды. Қазір кәсіпорын жаңа кен орындарын іздеумен айналысып жатыр. Жыл соңына қарай өндіріс қайта жанданады деп күтіп отырмыз», — деді Сағындық Шабаров.
Ауыл шаруашылығы — аудан экономикасының негізгі бағыты. Биыл 248 мың гектар алқапқа егін егілді. Шаруашылықтар 20-дан астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Мал шаруашылығы саласында да тұрақтылық сақталып отыр. Кооперацияны дамыту мен өнім өңдеу бағыттары белсенді жүргізілуде.
Сонымен қатар, ауданда бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асуда: кірпіш зауытының құрылысы, сүт фермасының іске қосылуы және құс фабрикасын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Қазіргі таңда қамту деңгейі 93%-ды құрайды, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 97%-ға жетеді деп күтілуде. Шортанды, Ключи және Бозайғыр елді мекендерінде су желілерін жаңғырту және салу жұмыстары жүріп жатыр.
«Сумен қамту – әрқашан басым бағыт. Біз барлық басталған жобаларды соңына дейін жеткізіп, қамту аумағын кезең-кезеңімен кеңейтудеміз», — деді аудан әкімі.
Аудан орталығында барлық құрылыс жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, 18 шақырым су желісі тартылып, су қоймалары орнатылып, жүйені іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілген. Жақын күндері бұл жүйе толық іске қосылады.
Аудан әлеуметтік маңызы бар барлық салада тұрақты жұмыс жүргізуде. Көркейту, білім, туризм және денсаулық сақтау салаларында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Әкімнің айтуынша, кейбір оқшау қиындықтарға қарамастан, өсу қарқыны сақталып отыр және барлық басталған бастамалар міндетті түрде нәтиже береді.
Шортанды ауданы осылайша нақты жобалармен алға жылжып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде.
Пікірлер (0)