Солтүстік Кореяға барған британдық туристер көргендерін айтты
Фото bbc
Ережелер: Көшбасшыларды қорламау. Идеологияны сынамау. Билікті бағаламау.
Бұл – Батыс туристеріне Солтүстік Корея шекарасынан өтер алдында оқылатын нұсқаулық. Әлемдегі ең жабық әрі репрессивті елдердің біріне кіргенде осы қағидаларды ұстану міндетті.
Туристерге берілетін практикалық ақпарат та бар: телефон сигналы жоқ, интернет жоқ, банкоматтар жоқ.
"Солтүстік корейліктер – робот емес. Олардың да пікірлері, армандары, тіпті әзілдері бар. Біз туристерге оларды тыңдауға және түсінуге кеңес береміз," – дейді Young Pioneer Tours компаниясының өкілі Роуэн Беард.
Бұл компания – шетелдік туристерді Солтүстік Кореяға апаруға рұқсат алған екі ұйымның бірі. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері өткен бес жыл ішінде ел өз шекараларын жауып, дипломаттарды, көмек ұйымдарын және туристерді кіргізбей қойды.
Солтүстік Корея әлемнен бұрынғыдан да қатты оқшауланып, Қытай мен Ресейдің қолдауына сүйеніп келеді. Көпшілік енді бұл елге батыстық туристердің кіруі мүмкін емес деп ойлады.
Алайда, бірнеше жылға созылған келіссөздерден кейін, Роуэн мен өзге де гидтерге турларды қайта бастауға рұқсат берілді. Ол небәрі бес сағаттың ішінде қызығушылық танытқан туристер тобын жинап, сапарды ұйымдастырып үлгерді.
Бұл топ негізінен влогерлер мен саяхат әуесқойларынан құралды. Біреулер Солтүстік Кореяны әлемдегі соңғы бармаған елдерінің бірі ретінде белгілеу үшін келсе, енді біреулер осы елге деген ерекше қызығушылығымен жеткен.
Өткен бейсенбіде Ұлыбритания, Франция, Германия және Аустралиядан келген туристер Қытай арқылы Солтүстік Кореяның шалғайдағы Расон қаласына төрт күндік сапарға шықты.
Қатал бақылау
28 жастағы британдық YouTube блогері Майк О'Кеннеди бұл елде бақылаудың шектен тыс қатаң екеніне таңғалды. Туристер гидтердің еріп жүруімен ғана қозғалуы керек.
Бағдарлама қатаң бекітілген. Оған сыра зауыты, мектеп және жаңадан ашылған дәріханаға бару кірді.
"Бұл мектеп экскурсиясындағыдай әсер қалдырды," – дейді тур жетекшілерінің бірі Бен Уэстон.
"Қонақүйден гидтерсіз шығуға болмайды. Бірнеше рет тіпті дәретханаға баратынымды да айтуға тура келді," – дейді Майк.
Көшеде бейресми кездесулер болмады. "Көпшілік тек жұмыс істеп жүрді, ешкім бос серуендеп жүрген жоқ. Бұл көрініс өте суық әсер қалдырды," – дейді Майк.
Туристер барған мектепте сегіз жасар балалар баллистикалық зымырандардың жарылыстарын көрсететін анимация аясында би билеп, ән шырқады.
"Олардың көрермені болу – біртүрлі сезім тудырды," – дейді блогер.
Шектеулі қозғалыс
Бұл сапарда туристер Пхеньянға жіберілген жоқ. Koryo Tours компаниясының өкілі Грег Вакци билік бақылауға оңай болатын Расон аймағын таңдап алған деп есептейді.
Расон – ерекше экономикалық аймақ. Мұнда қытайлық кәсіпкерлер жергілікті серіктестерімен бірлесіп жұмыс істей алады, ал қытай азаматтары бұл жерге еркін кіріп-шыға алады.
Солтүстік Кореяға бірнеше рет барған саяхатшы Джо Смит күтпеген жағдайға тап болды. Ол сапар бағдарламасына кірмеген люкс тауарлар базарына барды. Бұл жерде джинсы шалбарлар, парфюмерия, жалған Louis Vuitton сөмкелері және жапондық кір жуғыш машиналар сатылып жатқан.
"Бұл – жалғыз орын болды, онда жергілікті тұрғындар біздің келетінімізді күтпеді. Барлығы шынайы әрі бейберекет көрінді. Маған қатты ұнады," – дейді Джо.
Бірақ тәжірибелі гидтердің айтуынша, туристердің қозғалысы бұрынғы сапарлармен салыстырғанда анағұрлым шектелген. Олар көшелерде еркін серуендеп, дүкендерге кіріп, жергілікті тұрғындармен сөйлесе алмады.
Қатаң режимнің көрінісі
Туристер барған кейбір ғимараттар қараңғы әрі суық болды. "Қонақүй бөлмем ескі әрі лас болды, әжемнің қонақ бөлмесін еске салды," – дейді Джо.
"Бес жыл ішінде туристер үшін жағдайды жақсартуға болар еді. Егер бұл – көрсеткілері келген ең жақсысы болса, қалған жерлер қандай күйде екенін елестету қиын," – деп қорытындылайды ол.
Солтүстік Кореяда халықтың 40%-дан астамы тамақ жетіспеушілігінен зардап шегеді деп есептеледі.
Туристер гидтермен ғана сөйлесе алды. Олардың кейбірі таңғаларлықтай ақпараттанған болып шықты. "Олар Трамптың сауда тарифтері мен Украинадағы соғыс туралы білді, тіпті Солтүстік Корея әскерлері соғысқа қатысып жатқанын айтты," – дейді Грег.
Дегенмен, бір гид Сириядағы көтерілістер туралы ештеңе білмеген. "Мен оған кейде халық өз көшбасшысына қарсы көтеріліп, оны биліктен кетіре алатынын түсіндірдім. Ол алғашында сенбеді," – дейді Джо.
Осындай сұхбаттар мұқият жүргізілуі керек. Өйткені, Солтүстік Кореада сөз бостандығы жоқ, артық сұрақ қою немесе ақпарат ашып айту туристер мен гидтердің өздеріне қауіп төндіруі мүмкін.
"Сапар барысында бірнеше рет өзімді өте ыңғайсыз сезіндім. Бірде достық үйінде қонақ кітабына 'Әлемге бейбітшілік тілеймін' деп жаздым. Кейін гидтер маған бұл жазба орынсыз деп айтты. Сол кезде өзімді қатты үрейлі сезіндім," – дейді Майк.
Солтүстік Кореа туризмінің этикасы
Грег туризмнің бұл елдегі оң әсерін атап өтеді: "Туристердің келуі – солтүстіккореялықтар үшін сыртқы әлеммен байланыс орнатудың жалғыз жолдарының бірі."
Алайда, Солтүстік Кореаға саяхат этикалық тұрғыдан даулы мәселе болып қала береді.
"Бұл басқа кедей елдердегі туризмнен өзгеше. Мұндағы халық туристерден пайда көрмейді. Келген ақшаның бәрі мемлекетке, оның әскери шығындарына кетеді," – дейді Солтүстік Кореадағы адам құқықтарын қорғау альянсының өкілі Джоанна Хосаняк.
Ал Майк үшін ең ауыр сәт – мектептегі бір қыздың оған "Бір күні Ұлыбританияға бара аламын ба?" деген сұрағы болды.
"Мен оған мұндай мүмкіндігі өте төмен екенін айтуға жүрексіндім," – дейді ол.
Пікірлер (0)