Ордабасы ауданында су астынан тас, қола дәуіріндегі жәдігерлер табылды
Фотосурет: дереккөз
Zhanibekov University археологиялық орталығының зерттеушілері Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасына барлау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл жыл басынан басталған қуаңшылықтың салдарынан қойманың арнасы тарылған еді. Су қоймасы астында қалған тарихи-мәдени ескерткіштерге экспедиция бір аптаға созылып, нәтижесінде құнды жәдігерлер табылды.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл жәдігерлер – кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдары. Бір жерде шоғырланған кейінгі палеолит кезеңіне тиесілі 10-ға жуық халцедон тасы, нуклеустер және кесуге, жонуға арналған тас пластиналар бар. Су эрозициясы нәтижесінде тас кезеңіне тиесілі жәдігерлер мұқият зерттелді.

Сонымен қатар кейінгі қола дәуіріне жататын бірнеше жерлеу орындарына қазба жұмыстары жүргізілді. Жерлеу орнында адам мүрдесі нашар сақталған. Сырты геометриялық сызықтармен безендірілген керамикалық ыдыстар, сондай-ақ ортаңғы бөлігі қоладан жасалып, сырты алтынмен көмкеріліп қапталған самай әшекейін ерекше айтуға болады. Шығыршық, қоладан жасалған қос білезік, кенерлі сырға мен бас киімді әсемдеуге пайдаланған көптеген ұсақ моншақ та табылды, - дейді ғалымдар.
Археологиялық орталық жетекшісі А. Подушкин, ғылыми қызметкер Г. Стамқұлованың айтуынша, Түркістан облысы аумағынан әлі күнге дейін бұл кезеңге тиесілі осындай бұйымдар табылмаған.

Экспедиция кезінде қаңлы-сармат кезеңіндегі жерлеу орны да анықталды. Бұл жерде жауынгердің жанынан үш қанатты, қанаттары төменге қаратылған сапты жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, құмыра және тоға табылды. Б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. мерзімделеді. Бұған қарап, өңірге адамдардың көне дәуірден бастап қоныстанғанын байқауға болады, - деп жазылған хабарламада.
Қазба жұмыстары жергілікті Ұлттық тарихи-мәдени қорық қызметкерлерімен бірлесіп атқарылды. Жәдігерлер зерделеніп, кейін музейге өткізіледі.
Пікірлер (0)