Orda.kz үшін шайқастың шешуші кезеңі басталды
Фото ertenmedia.kz
Orda.kz-тегі дау басылар емес. Порталдың бас инвесторы әрі 70% үлесіне иелік ететін Мақсат Ғаниев бас редактор Гүлнәр Бажкенованың әрекетіне қатқыл үн қатты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Ertenmedia сайтына сілтеме жасап.
Бизнесменнің айтуынша, ол Orda.kz порталына қаржы құйғанымен, редакция ісіне араласпай келген. Алайда уақыт өте келе бұл жоба тек шығын мен шырғалаң әкелген.

Бажкеновамен басында ортақ мәмілеге келгенбіз. Мен порталдың бастапқы кезеңіне қаражат бөлемін, ал ол редакциялық саясатты өзі жүргізеді деп келістік. Бірақ жыл өткен сайын одан қайтарым болмады, тек шығын мен жанжал ғана алып келді. Әуелде түсініспеушіліктерді өркениетті түрде шешуге тырысып, келіссөзге заңгерлерімді де жібергенмін. Алайда нәтиже болмады. Ақыры ол өзінің жариялылығын пайдаланып, қарсы тарапты қаралауға көшті, – дейді Ғаниев.
Оның айтуынша, бұған дейін редакцияға аудит жүргізбек болған әрекеті де сәтсіз аяқталған. Көктемде болған кикілжің кезінде де Ғаниев Бажкеновамен байланысып, мәселені бейбіт шешуге тырысқан.

Жақында да оған жеке хабарластым, бірақ ол жауапсыз қалдырды. Ал кеше Orda.kz редакциясында болған жағдай мені қатты ашуландырды. Ресми түрде теріске шығарылғанына қарамастан, әдейі таратып отырған жалған ақпараттар – не оның қасақана әрекеті, не қабілетсіздігінің көрінісі. Шынын айтқанда, оның денсаулығы, соның ішінде психологиялық жай-күйі туралы алып-қашпа сөздерге сенгім келмеген. Бірақ қазіргі іс-әрекеттері оның кәсіби медициналық көмекке мұқтаж екенін көрсетіп отыр. Қалай болғанда да оның әрекетін қоғам үшін қауіпті деп санаймын және тез арада шара қолдануды талап етемін, – дейді Ғаниев.
Ол бас редактордың порталдың беделіне нұқсан келтіргенін айтады.

Егер ол секілді лас жолмен жүрсем, менде де оған қарсы жариялайтын ақпарат жеткілікті. Бірақ әзірше ұстамдылық танытамын. Жақын арада Алматыға оралып, 70 пайыз үлеске ие құрылтайшы ретінде оны барлық қызметінен шеттету туралы заңды әрекеттерді бастаймын. Әрі құқық қорғау органдарынан оның әрекеттеріне нақты құқықтық баға беруін талап етемін, – дейді Мақсат Ғаниев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Orda.kz порталы мен Гүлнәр Бажкенова Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиев, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды деген ақпарат таратқан еді. Кейін бұл мәліметті Сыртқы істер министрлігі, Ақпарат министрі Аида Балаева мен ҰҚК ресми түрде жоққа шығарды.
Пікірлер (0)