ОСК AMANAT партиясының партиялық тізімін тіркеді
«AMANAT партиясы 90 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Бұл тізімдегі 29 кандидат: әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олар кандидаттардың жалпы санының 32,2 пайызын құрайды. Орталық сайлау комиссиясы өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам Конституцияның және «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді», - деді ОСК хатшысы Мұхтар Ерман.
«Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында AMANAT партиясы сайлаушылар дауысының 71,9 пайызын алған. Осыған байланысты AMANAT партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылады», - деді ол.
Пікірлер (0)