Сайлаушылар үміткерлердің бағдарламасын мұқият оқып, лайықтысын таңдауы керек – сарапшы

Саясат
view 106
news

Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы кандидаттардың ғана емес, сайлаушылардың да жіті назарында. Бұл туралы саясаттанушы Эдуард Полетаев айтты, деп хабарлайды janabastau.kz «Қазинформ» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Саяси науқан аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді. Біз бір мандатты округтер бойынша және партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидаттар тарапынан жоғары қызығушылықты көріп отырмыз, Мәжілісте де, мәслихатта да үлкен бәсеке болады. Жалпы, сайлауға кандидаттардың өздері ғана емес, сайлаушылар да үлкен назар аударғаны маңызды. Сайлаушылар бірінші кезекте таңдап дауыс беруі керек. Яғни, ресми түрде келіп, азаматтық борышыңызды өтеп қана қоймай, ең лайықты үміткерлерді қарап, соған дауыс беру қажет», - деді сарапшы.

Ол Жаңа Қазақстанның саяси өміріне жаңа адамдар келетінін тілге тиек етті.

«Мәселен, «Аманат» партиясының тізімі 75 пайызға жаңартылды, саяси аренада көптен бері жүрген партияларда жаңа тұлғалар көп. Қазақстан халық партиясы да партиялық тізімін айтарлықтай жаңартты. Жаңа партиялар да бар. Енді ең бастысы, халық тек бет-әлпетіне ғана емес, партиялардың сайлау алдындағы бағдарламаларына, бір мандатты округтердегі кандидаттардың бағдарламасына да назар аударады. Бұл дауыс тек мен білетін немесе естіген адам үшін емес. Олардың не ұсынатынын білу керек. Сондықтан мазмұны өте маңызды. Іске асыруға болатын нақты бағдарламасы бар адамға, құр уәде бермейтін адамға дауыс беру керек», - деді саясаттанушы.

Саясаттанушы жаңа партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың сайлауға қатысуы бәсекені арттырады деп есептейді.

«Бәсеке өте күшті. Бізде аралас жүйе болды, бірақ ол соңғы рет 2004 жылғы Мәжіліс сайлауы кезінде жұмыс істеді. Қазір жүйе талапқа бейімделіп жатыр. Парламентке ұсынылған партиялардың қайта оралу мүмкіндігі бірдей деп ойлаймын. Оның үстіне саяси партиялардың сайлаудан өтуінің пайыздық шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендеді. Бірақ саяси бәсеке саясатта жаңа адамдардың пайда болуы үшін ғана емес, жаңа идеялар үшін де қажет. Жаңа идеялар көп болса екен», - деп қосты Эдуард Полетаев.

Бұған дейін Эдуард Полетаев алдағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы саяси жүйенің демократияланғанын көрсететінін айтқан болатын. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *