Отыз күн оразаның бір айты бар
Редакция таңдауы
178
Қазақ «Отыз күн оразаның бір айты бар, әр қылған жақсылықтың бір қайты бар», дейді. Ұлтымыздың рухани мерекелерін ұлықтайтын мұндай өнегелі сөздер ұлы даламызға мұсылмандық дәстүрлердің көне заманнан берік орныққанын және ата-бабамыз сеніміне берік болып, дін жолында амал қылғанын аңғартса керек.
Сондай киелі мейрамдарымыздың бірі – Ораза айт мерекесі келіп жетті. Жалпы, исламда екі діни мейрам бар. Бірі осы бүгінгі мереке болса, екіншісі – Құдай жолында құрбан шалынатын Құрбан айт. Хадисте бұл екі мейрамның тарихы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға барған кезінен бастау алатыны айтылады.
Айт – қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны білдіретін сөз. Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Әділхан Иманәліұлының айтуынша, Ораза айт мейрамының да басты мәні – отыз күн оразадан кейінгі қуанышты сезіну. «Құранның «Юнус» сүресінде Алланың берген нығметіне қуаныш сезімдеріңді білдіріңдер делінген аят бар. Бұл мерекеде біз Рамазанды ойдағыдай аяқтап, ашығып, шөлдеп жүретін күндер артта қалып, енді тоқшылыққа кенеліп, сынақтан сүрінбей өткеніміз үшін қуанамыз. Ең бастысы, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, көптен көріспей кеткен ағайындар болса, солардың үйлеріне бас сұғып, мерекемен құттықтап, көрісіп, туыстық қатынасты нығайтамыз», дейді имам.
Иә, қазақ халқында көне заманнан айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр болған. Шариғат бізден осынша үйге кіріңдер деп міндеттемесе де, мұны қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт деп білеміз. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі.
Исламтанушы Кенжетай Байкемелұлы бұл ұлық мереке біздің ұлы даламызда аса жоғары бағаланып, бағзы уақыттан айрықша аталып өткендігін айтады.
– Тарихи құжаттарға үңілер болсақ, 1926 жылға дейін Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде тойланып келген. Оған негіз – 1921 жылғы 5 наурызда Орынбор қаласында өткен Қазақ автономиялық республикасы Орталық атқару комитеті төралқасының «Мұсылмандар мерекесі» туралы қабылдаған шешімі. Оған C.Меңдешев төрағалық жасаса, А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары қатысқан екен. Сондай-ақ Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романында Зуқа батырдың елінде айт намазы кезінде еркек кіндіктінің бірі қалмай сапқа тұрғаны суреттеледі. Кеңес өкіметі 1926 жылдан күштеп тоқтатқан мұсылмандар мерекесін қазақ қоғамының жүрегінен өшіріп тастай алмады, – дейді ол.
Негізі исламда Ораза айт 1 күн, Құрбан айт 4 күн тойланады. Алайда қазақ халқында Ораза айтты 3 күн қатарынан атап өту дәстүрге айналған. Бұл күні ауыз бекітуге тыйым салынады. Рамазаннан қалған қазасы барлар оны айттан кейін өтейді. Ораза айттың Құдай алдындағы құлшылық ретіндегі мәні бір төбе. Ал қоғамды рухани тәрбиеге баулуы, адамдар арасын жарастырып, елді бірлікке шақыратын қасиеті орасан зор. Исламтанушылар «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар. Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды» деген хадисті негізге ала отырып, айт күні мұсылмандарды өзара сыйлық жасасуға шақырады. «Мереке күні Пайғамбар (с.ғ.с.) айт намазынан қайтқанда келген жолымен емес, басқа жолмен жүретін» деген хадис негізінде ол күні мүмкіндігінше барлық таныстарың мен туыстарыңның, көршілеріңнің шаңырағына бас сұғып, хал-жағдай сұрасып, ауырып жатқандар болса, олардың көңілдерін сұрауға үндейді. Пайғамбардың (с.ғ.с.) ораза айт намазына шығарда аздаған құрма жегені туралы хадисті алға тартып, біз отыз күн бойы үйден нәр татпай көшеге шыққан болсақ, бұл күні тәтті дәмнен ауыз тиіп мешітке қадам басқан дұрыс дейді.
Тағы бір ерекше айтар жайт – Ораза айт мерекесінің қуанышын сездіру, имандылыққа баулу мақсатында айт намазына балаларды да ертіп апару – сауапты амал. Өйткені мешіттерде бұл күні тек намаз ғана оқылмай, түрлі имани іс-шаралар өтеді, сондай-ақ балаларға айт базарлығы таратылады. Мәселен, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, биыл да шаһар мешіттері жылдағы дәстүрден жаңылмай, Ораза айтты кең көлемде сауапты амалдармен атап өтпек.
– Қаламыздың үлкен мешіттерінде жамағат арасында спорттық сайыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Имамдар балалар үйлеріне арнайы барып, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырады. Қала мұсылмандарын Алматы орталық мешітінде 500 адамға жайылатын айт дастарқанына шақырамыз. Сонымен қатар мешіттерімізде балаларға тәттілер таратылады. Бұл істердің бәрі үлкенге де, кішіге де Ораза айттың ізгі мәнін сезіндіру үшін жасалмақ, – деді Төлеби Дәділұлы.
Рамазан айы біздің қоғамға өзінің игі дәстүрін алып келді. Халықтың бір бөлігі жаппай ораза ұстаса, белгілі бір себеппен ұстамағандар ауыз бекіткендерге ауызашар дастарқанын жайып, сауап алатын болды. Яғни мұның бәрінен біз қоғамда имани тәрбиенің кеңінен көрініс тапқанын байқаймыз. Бәзбіреулер ащы суы мен темекісінен бас тартып, саламатты өмір салтын ұстанып жатыр. Ораза қоғамның бірлігін нығайтты, ауызбірлігімізді арттырды. Біртұтас үмбет екенімізді тағы бір паш етті. Осы отыз күннің ішінде қалыптасқан игі дәстүр бұдан кейінгі күндері де жалғасын тапса, бұл біздің ізгі бағытқа қарай қадам басқанымыз болса керек.
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)