Oxford 2025 жылдың сөзін жариялады: интернетті шулатқан rage bait
Фото: Digital Business
Оксфорд сөздігі 2025 жылдың сөзін анықтады – бұл жолы атаққа әлеуметтік желілер мен медиада кең тараған rage bait тіркесі ие болды. Термин қолданушыларды әдейі ашуландыратын, эмоциясын қоздыратын онлайн-контентті білдіреді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Digital Business мәліметінше, rage bait – аудиторияның ашуын тудыру арқылы трафик пен реакция жинауға бағытталған материалдар. Oxford бұл құбылысты онлайн-қауіпсіздік, контентті реттеу және цифрлық әл-ауқат туралы пікірталастар күшейген кезеңнің символы деп бағалайды. Соңғы бір жылда терминнің қолданылуы үш есе өскен.
Rage bait қалай пайда болды?
Термин алғаш рет 2002 жылы Usenet платформасында пайда болған. Бастапқыда ол жолда қасақана арандатылған жүргізушілердің реакциясын сипаттаған. Кейін интернет-сленгке еніп, тітіркендіретін жазбалар мен вирустық контентті белгілеу үшін қолданыла бастады.
Бүгінде rage bait халықаралық медиада да, контент жасаушылар арасында да тұрақты қолданысқа енді. Ол көбіне саяси манипуляциялармен, сондай-ақ эмоцияға негізделген жазбаларды күшейтетін әлеуметтік желі алгоритмдерімен байланыстырылып жүр.
Сонымен бірге бұл құбылыстың аясында rage farming – дезинформация мен теорияларын пайдаланып, ашу-ызаны жүйелі түрде «өсіріп», күшейту тәжірибесі де таралған.
Rage bait — бір сөз бе, әлде тіркес пе?
Oxford мамандарының түсіндіруінше, жыл сөзі ретінде жеке сөз де, тұрақты тіркес те таңдала алады. Rage bait – біртұтас семантикалық бірлік ретінде қарастырылады. Ол clickbait-ке ұқсас, бірақ мақсаты әлдеқайда нақты: ашу тудыру және аудиторияны бөлу.
Терминнің қалыптасуы ағылшын тілінің икемділігін көрсетеді – екі қарапайым сөз бірігіп, цифрлық дәуірдің маңызды құбылысын айқындайтын жаңа мәнге ие болып отыр.
Oxford Languages түсіндірмесі
Oxford Languages президенті Каспер Гратволдың айтуынша, 2025 жыл адамдардың цифрлық және шынайы кеңістікте өзін қалай сезінетіні туралы сұрақтар жиілеген кезең болды. ЖИ, дипфейк, виртуалды серіктер, цифрлық инфлюенсерлердің дамуы бұл өзгерісті күшейте түсті.
Rage bait деген ұғымның пайда болуы және оның кең таралуы – интернеттегі манипуляцияларды бәріміз жақсырақ түсіне бастағанымыздың белгісі. Бұрын интернет қызығушылық арқылы тартса, қазір эмоциямызды басқарады, – дейді Гратвол.
Ол бұл сөзді өткен жылғы brain rot терминімен салыстырды. Егер brain rot шексіз скроллингтен болатын эмоционалдық қажуды білдірсе, rage bait әдейі ашу шақырып, кликтер санын арттыруға бағытталған контентті айқындайды.
Бұл екі термин бірге алгоритмдер мен платформалардың біздің мінез-құлық пен эмоциямызға қалай әсер етіп, шаршатып жатқанын көрсетеді, – деп түйіндеді сарапшы.
Пікірлер (0)