Перизат Қайрат Бауыржан Байбекті де жауапқа тартуды талап етті
Сурет: желіден алынды
Bizbergemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушысы Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеп, сот отырысында экс-саясаткер Бауыржан Байбекті куәгер ретінде шақыруды талап етті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Айтуынша, аталған қайырымдылық қоры партия тапсырмасымен құрылған және ол тек орындаушы ретінде әрекет еткен.
Сот отырысында Перизат Қайрат:

«Айыптау актісінің бірінші тармағында мені анаммен бірге қор құрды, құрылтайшылардың қолын қолдан жасады деп айыптайды. Бірақ бұл қор партия жанынан, Байбектің басшылығымен құрылды. Құрылтайшылардың бәрі — партияның қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлері. Сондықтан бұл іске қатысты Байбектің өзі түсініктеме беруі керек», — деді.
Айыптау тарапы Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваны қайырымдылық қорын заңсыз тіркеді, құрылтайшылардың қолдарын қолдан жасады, жалған имидж қалыптастырды және 3 миллиард теңгеге жуық қаражатты жеке мақсатта иемденді деп айыптап отыр. Бұл қаржы негізінен мүгедек балаларға, табиғи апаттар мен халықаралық дағдарыстардан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған.
Қайрат өз әрекеттерінің барлығы партиялық тапсырма аясында жүзеге асқанын алға тартып, тағылған айыптарды негізсіз деп есептейді.
Сотқа қатысқан қоғамдық бақылаушылар Перизат Қайраттың бұл мәлімдемесі қоғамда үлкен резонанс тудыруы мүмкін екенін айтып отыр. Сонымен қатар, қорға қатысты тергеудің бағытын өзгерту қажеттілігі туындауы ықтимал. Алайда қазіргі таңда сот пен прокуратура тарапынан Бауыржан Байбекті куә ретінде шақыру туралы талапқа ресми жауап берілген жоқ.
Пікірлер (0)