Сарапшы: Биылғы сайлау науқаны ашық саяси бәсекенің жаңа кезеңін көрсетті

Жаңалықтар
view 27
news

Фотосурет: baq.KZ.

Қазақстандағы қазіргі сайлауалды науқан саяси партиялар арасындағы бәсекенің жаңа деңгейге көтерілгенін байқатып отыр. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: медиа және цифрлық платформалар» атты сарапшылық алаңда айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Саясаттанушының пікірінше, бұл жолғы сайлау науқанының ерекшелігі – партиялардың тек дәстүрлі үгіт-насихатпен шектелмей, қоғам алдында өз ұстанымдарын ашық талқылауға көбірек ден қоя бастауы.

Оның айтуынша, бұрын негізгі назар өңірлердегі кездесулер мен цифрлық платформалардағы жұмысқа аударылса, қазір саяси күштер арасында жария пікірталастар жиілеп келеді. Үгіт-насихаттың алғашқы күндерінен-ақ парламент жұмысының тиімділігі, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және бизнестің саясаттағы орны секілді маңызды мәселелер ашық талқыға түсті. 

Талғат Қалиев мұндай пікірталастардың көбеюі саяси партиялардың тек өз бағдарламасын таныстырумен шектелмейтінін көрсететінін айтты. Оның сөзінше, бүгінде олар қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша көзқарасын ашық қорғауға дайын екенін байқатып отыр. Сарапшы партиялық жүйеде де елеулі өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бірқатар саяси ұйымдарда басшылық жаңарып, ұзақ жылдар бойы партияны басқарған жетекшілер өз орындарын жаңа буын өкілдеріне берді.

«Жаңа басшылар партиялық жүйеге бүгінгі заман талабына сай жаңа идеялар мен тың тәсілдер әкелуі керек. Сонымен қатар олар жаңа жақтастарды тартуға және елдегі саяси бәсекенің одан әрі дамуына ықпал етеді», – деді саясаттанушы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *