«Президентім Ұлы Тұлғам». Балтабек Нұрғалиев Тоқаевқа өлең арнады
Жаңалықтар
176
Бұған дейін экс-президент Назарбаевпен оның інісі Болат Назарбаев жайлы мақтау өлең жазып келген ақын Балтабек Нұрғалиев енді өлеңдерін қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнай бастапты. Ол бұған дейін Тоқаевқа арнап, «Темірқазық» деген ән шығарған болатын. Ал ақынның бұл жолғы өлеңіне аз-кем талдау жасап көрсек, ол осы ретте «Президентім Ұлы Тұлғам» деп тебірене жырлапты. Айтпақшы, Ақын-драматург Балтабек Нұрғалиев Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреанты, ол өзін Абайдан кейінгі ең танымал ақындардың бірімін деп есептейді. Онысын жоққа шығара алмаймыз. Қазір оның әр өлеңі «пышақ үстінде» оқырманға кең тарап, қоғамда жиі талқыланып жатады. Бірақ оқырмандарының көбі ақын «жынданған», «жағымпаз» деп даттайды. Алайда жағымпаздық тек Балтабекпен ғана бітпейді, тіпті елге белгілі ақындар да кезінде Назарбаевқа өлең арнағаны белгілі... Балтабек олардан асып түсетін бір тұсы – Елбасын пайғамбарға теңеп жіберетін тұстарты да бар. Бұрынғы заманда патшалар мұндай мақтау мен мадақтау жыр арнаған сарай ақындарын үлде мен бүлдеге орап қоятын еді, алайда Назарбаев әулеті ақынды жарылқай қоймаған сыңайлы. Ол сонда да ода жазуын тоқтатқан емес, әркез өлеңдерін арнап отырады. Ақынға шалқар шабыт тілей отырып, төмендегі өлеңін бөлісіп отырмыз.
Айтпайық ешқашанда қыңыр пайым,
Айтайық әрқашанда сұлу пайым.
Кемеңгер Қасым-Жомарт Кемелұлы,
Бастаған Ұлытаудың құрылтайын!
Дәл келді құрылтаймен күнім туған,
Осы күн өмірімде ұмытылман.
Мен айтсам туған күнгі арманымды,
Орындар Президентім Ұлы Тұлғам!
Халықтың тілегінен табайын бақ,
Биліктің қақ төріне барайын нақ.
Қолдаса мына мені Президентім,
Депутат Парламентке тағайындап!
Мен Жаңа Қазақстанға сәлем дедім,
Халқыма адалдықты дәлелдедім.
Бұл Жаңа Қазақстанның орнауына
Менің де мол үлесім, бар еңбегім!
Балтабек Нұрғалиев
Пікірлер (0)