– Иран – ежелгі өркениет ошағы. Сондай-ақ Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды серіктесінің бірі. Әйгілі Фирдоуси өзінің «Шахнамасында» Иран мен Тұранның Ұлы Жібек жолындағы тағдырлас елдер екенін атап өткен. Қазақтың ұлы ақыны Абай Сағдидің, Жәми мен Румидің шығармаларын жақсы білген. Шығыс мәдениетіне терең бойлаған. Мұның бәрі байланысымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Біз осы ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсуіміз керек. Біз – Каспий жағасындағы тату көршілерміз. Тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз ұқсас. Ашаршылық жылдарында талай қандасымыз Иран жерін паналаған. Оларды құшақ жая қарсы алған иран жұртына алғысымыз шексіз. Оны ешқашан ұмытпаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
– Мен екі елдің ынтымақтастығын жоғары бағалаймын. Ең бастысы, біз әрқашан бір-бірімізге тілеулеспіз. Қазақстан мен Иранның дипломатиялық қатынас орнатқанына биыл 30 жыл толды. Осы уақытта ынтымағымыз нығайып, достығымыз артты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз жандана түсті. Жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Біз бүгін ауқымды келіссөз жүргіздік. Маңызды мәселелерді талқыладық, – деді Мемлекет басшысы.
– Бір апта бұрын Қазақстаннан шыққан жүк пойызын бүгін осында қарсы алдық. Енді ол Түркияға бет алады. Күрделі геосаяси ахуал кезінде бұл айрықша маңызды. Біз транзит, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласы бойынша келіссөз жүргіздік. Бұл қазақ-иран байланыстарын одан ары жандандыруға ықпал етеді. Қол жеткізген уағдаластықтар ықпалдастығымызды нығайта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Дегенмен, өзара алыс-беріс биылғы бірінші тоқсанда 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – тауар айналымының қарқынын еселей түсу. Оған қолайлы жағдай жасау керек. Иран компаниялары Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олар өнімдерін шет мемлекеттерге де шығарып жүр. Бірлескен үкіметаралық комиссия екіжақты экономикалық байланысты нығайтуға зор септігін тигізері анық. Біз бірлескен сауда палаталарын құруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Иран елінің азаматтары үшін 14 күндік визасыз режим енгізді, – деді Президент.
– Менің бүгінгі сапарым екі ел арасындағы қатынасқа тың серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан барлық міндеттемесін толық орындап, маңызды жобаларды бірлесе іске асыруға дайын. Осы орайда, біздің елде жоғары деңгейдегі кездесу өткізу қажет деп санаймын. Сондықтан Ибрахим Раиси мырзаны Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырдым. Біз бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетіп, табысқа бірге жетеміз деп сенемін. Екі елдің достығы мәңгі болсын! – деп сөзін аяқтады Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Қазақстан Президентінің бүгінгі ресми сапары аясында жүргізілген келіссөздер мен қол қойылған құжаттар екі ел үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенемін. Біз өзара тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізуіміз керек. Біздің оған әлеуетіміз жетеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит салаларындағы мүмкіндіктеріміз мол. Сондықтан бүгінгі келіссөздердің нәтижесі елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастықтың берік іргетасы болып қаланатынына сенімдімін, – деді Ибрахим Раиси.
Пікірлер (0)