Ресей агрессиясының келесі нысанасына айналудан қауіптенген Қазақстан АҚШ, Еуропа және Түркиямен байланысын нығайтып, қорғаныс бюджетін айтарлықтай ұлғайта бастады. Астананың сыртқы саясатта дербес шешім қабылдағанын қаламайтын Путин үшін бұл кезекті сынақ.
Ұзақ жылдар бойы Қазақстанның қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығы тұрақсыз сипат алды. Биыл Ресейдің кезекті басқыншылығынан кейін Ақорда ұстанып отырған көпвекторлы саясаттың салмағы да ауырлай бастады. Америкалық
The Wall Street Journal «Мәскеу мен оның Орталық Азиядағы ең ірі одақтасы арасындағы саяси қашықтықтың артуы Ресей диктаторы Владимир Путин үшін тағы бір сынақ» дейді. Қазақстанның сыртқы саясатындағы ұстанымын қайта қарастырып, державаларға жақындай түсуі қазіргі жағдайда орындалуы тиіс қалыпты құбылыс.
Тоқаев билікке келгелі Астана Түркиямен де дипломатиялық қарым-қатынастың жаңа кезеңіне аяқ басты. Мамырдың басында Тоқаев Анкараға ресми іссапармен барып, Қазақстанда жауынгерлік ұшқышсыз ұшақтарды бірлесіп шығару туралы келісімге қол қойды.
Таулы Қарабақ қақтығысында Түркия-Әзірбайжан әскери альянсының басымдығы Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі үстемдігінің азая бастағанын көрсетті. Ресей басқыншылығынан кейін Түркияның Орталық Азиядағы ықпалы бұрынғыдан да артқаны белгілі. Демек, түркі ұйымының құрылуы, түркі мемлекеттерінің әскери-саяси салалардағы байланысының жеделдеуі де санкция астында қалған Ресейге соққы болмақ.
22 маусымда Санкт-Петербургте өткен форумда Тоқаев Луганск және Донецк тәуелсіздігін мойындаудан бас тартқан. Сонымен қатар қазір Қазақстан Ресейді айналып өтіп, Транскаспий бағыты арқылы Еуропаға мұнай жеткізуді әртараптандырып жатыр.
Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Қазақстан шенеуніктерінің делегациясы Қытайдан Еуропаға Орталық Азия, Кавказ аймағы және Түркия арқылы өтетін «Орталық дәліз» деп аталатын сауда жолын қайта жаңғырту туралы келіссөздер жүргізді. Қазір астананың сыртқы саясаттағы жаңа ұстанымы Ресей билігінің наразылығын тудырып отыр.
Бірақ бір парадоксты ескеруіміз керек: Қазақстанда Украинаға қарсы ресейлік пропаганданың Z символына тыйым салынған, бірақ Ақорда Мәскеу басқыншылығына қарсы демонстрацияларға шектеу қояды.
Наурыздың басында Қазақстан Украинаға 28 тонна дәрі-дәрмекпен Boeing 767 ұшағын жөнелтті. Ал шілдеде елдің Қаржы министрлігі Ресейге қарсы Батыстың санкциялық шектеулерін қолдайтын бұйрық жобасын жариялады.
Сәуірден бері АҚШ шенеуніктері Қазақстанға бірнеше рет келіп, тараптар бірқатар келіссөздерге қол қойды.
Қазір елдегі қорғаныс бюджеті 441 миллиард теңгеге (шамамен 918 миллион доллар) ұлғайған. Мәліметтер бойынша, қаржының бір бөлігі әскери резервтерді арттыруға жұмсалады. Украинадағы ахуал үлкен сабақ және ескерту болған Қазақстан ендігі кезекте киберсоғыс, жалған ақпарат тарату, сайлауға араласу сияқты гибридті соғысқа қарсы тұру үшін бірқатар реформалар жүргізуі тиіс. Себебі қауіпсіздіктің кепілі – непотизмнен алшақ, әділетті саяси реформалар.
Пікірлер (0)