«Қайраттың» жас қорғаушысы шаңырақ көтерді
Фотосурет: Instagram/f.c.kairat
Алматылық «Қайрат» футбол клубының қорғаушысы Александр Мрынский Ангелина есімді бойжеткенмен шаңырақ көтерді. Жанкүйерлер жас жұпты өміріндегі айтулы оқиғамен жарыса құттықтап жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Александр Мрынский – «Ақтөбе» футбол мектебінің түлегі. Кәсіби мансабын 2021 жылы «Қайрат» сапында бастаған жас қорғаушы Қазақстан Премьер-лигасында 2023 жылғы 21 мамырда «Қайсарға» қарсы матчта дебют жасады. Ол кездесу алматылықтар үшін сәтсіз аяқталып, есеп 0:3 болды.
Ал 2025 жылдың 15 шілдесінде Мрынский еурокубоктардағы алғашқы голын Словенияның «Олимпия» клубының қақпасына соғып, «Қайраттың» 2:0 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты. Бұл матч УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу кезеңі аясында өткен. Айта кетерлігі, дәл сол күні Александр 21 жасқа толған еді.
Жас футболшы «Қайрат» құрамында 2024-2025 жылдары Қазақстан чемпионы, ал 2025 жылы Қазақстан Суперкубогының иегері атанды.
Сондай-ақ Александр Мрынский 2022 жылғы 7 маусымда Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жастар құрамасы сапында дебют жасап, Әзербайжан U-19 құрамасына қарсы ойында (1:1) алаңға шыққан.
Пікірлер (0)