Қар, бұрқасын, көктайғақ: Бүгін елімізде ауа райы күрт бұзылады
Фото: istockphoto.com
25 желтоқсанда ел аумағының басым бөлігінде қолайсыз ауа райы күтіледі. «Қазгидромет» таратқан дауылды ескертулерге сәйкес, бірнеше облыста қар, бұрқасын, көктайғақ, тұман және қатты жел болжанып отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Маңғыстау облысында түнде және күндіз көктайғақ, тұман мен бұрқасын күтіледі. Жел бағыты өзгеріп, екпіні 15–20 м/с-ке дейін жетуі мүмкін. Ақтауда да жолдар тайғақ болады.
Қызылорда, Атырау облыстарында және Қызылорда, Атырау қалаларында тұман мен көктайғақ болжанады.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау облыстарында көктайғақ пен тұман байқалады, жекелеген аудандарда жел күшейеді.
Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында қар жауып, бұрқасын соғады. Желдің екпіні кей өңірлерде 20 м/с-ке дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы күрт төмендеп, аяз 30 градусқа дейін күшеюі мүмкін.
Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында жаяу бұрқасын, тұман және қатты жел күтіледі. Абай облысының Жарма ауданында жел екпіні 28 м/с-ке дейін күшеюі ықтимал.
Алматы, Жетісу, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы, Қонаев, Шымкент және Түркістан қалаларында тұман түсіп, таулы аймақтарда жолдар тайғақ болады. Жел екпіні 15–20 м/с-ке дейін жетуі мүмкін.
Астанада қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Желдің екпіні 20 м/с-ке дейін күшеюі ықтимал.
Мамандар тұрғындарды алыс жолға шыққанда сақ болуға, ауа райы жағдайын ескеруге және төтенше жағдай қызметтерінің ескертулерін қатаң ұстануға шақырады.
Пікірлер (0)