«Қастеев музейі – ұлт өнерінің шежіресі» – Аида Балаева
Фотосурет ашық дереккөзден
Елімізде мәдени нысандарды жаңғырту мен сақтау бағытындағы ауқымды мемлекеттік бағдарлама аясында Қазақстанның басты өнер ордаларының бірі – Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары басталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жаңғырту шеңберінде шатырды ауыстыру, заманауи климаттық жүйелер орнату, паркет жабындысын қалпына келтіру және өзге де маңызды техникалық жетілдірулер көзделген. Бұл шаралар келушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасап, өнер туындыларын сақтаудың заманауи талаптарын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған байланысты 5 тамыздан бастап музей уақытша жабылды. Мұндай шешім ең алдымен ел қазынасына айналған құнды жәдігерлердің сақталуы мен құрылыс кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданды.
Бұл маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Senim Qogamy қоры мен бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ-ына алғыс айтылды. Жөндеу жұмыстарын мердігер ұйым – «Lucky Build Company» ЖШС атқарып жатыр.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі жазбасында: «Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі – халқымыздың рухани қазынасы, ұлт өнерінің шежіресі. Біз бұл музейдің тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемдік мәдениет үшін маңызын жақсы түсінеміз. Сондықтан мұнда жүргізіліп жатқан жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары – тарихи жауапкершілігіміздің бір көрінісі.
Шатырды ауыстырудан бастап, климаттық жүйелерді заманауи деңгейге жеткізуге дейінгі барлық шаралар – ең алдымен жәдігерлерімізді сақтап қалу және келушілерге қолайлы орта жасау үшін қолға алынған.
Біз барша қазақстандықтарды шыдамдылықпен күтуге шақырамыз. Жұмыстар аяқталған соң жаңарған музей келушілерін жаңа заманға сай, шабыт сыйлайтын, өз коллекциясы мен мәртебесіне лайық кеңістікте қарсы алады. Бұл – өнер мен мәдениетті дәріптеудің, болашақ ұрпаққа аманат етудің үлкен бір қадамы», – деді министр.
Пікірлер (0)