Қазанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті

Жаңалықтар
view 25
news

Сурет: gov.kz

26 тамыз күні Қазан қаласындағы Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының гастрольдік бағдарламасы аясында Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы алғаш рет қойылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Гастроль Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналды. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігі және Қазақстанның Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Абай атындағы театр Қазанға алғаш рет гастрольмен келді. 250-ге жуық әртіс пен техникалық маман, сондай-ақ 16 тоннадан астам декорация мен костюм жеткізілді. Қойылымға билеттер санаулы күн ішінде түгел сатылып, залда аншлаг болды.

Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева мен Болат Бүкенов, сондай-ақ Оксана Давыденко, Мақсат Саматов, Евгений Шагаров орындады. Қоюшы-дирижер — Нұржан Байбусинов. Ал операның режиссері — әлемге танымал итальяндық Давиде Ливерморе.

Опера Алтын Орданың құрылу кезеңін суреттейді. Басты кейіпкер — Хан Сұлтан, Жошы ханның жары әрі ұлы хан Беркенің анасы. Қойылым тарихи оқиғаларға негізделген, ғылыми кеңесшілер қатарында Ильнур Миргалиев, Ильяс Кемалоғлу және Нұрлан Атығаев бар.

«Хан Сұлтан» драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде жазылып, сахналық нұсқасын Маралтай Ыбыраев ұсынды. Жобаның авторы — Айнұр Көпбасарова.

Қойылым классикалық опера жанрына сай ұсынылып, заманауи мультимедиялық технологиялармен толықтырылды. Сахналық шешімдердің бірі — өмірдің символы саналатын терек бейнесі ерекше көрініс таппақ.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *