Қазақстан әйелдердің экономикалық белсенділігі бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына кірді
Фотосурет: ашық дереккөзден
Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ең қолайлы жағдай жасалған елдер қатарынан орын алды. Бұл туралы Ақтауда өтіп жатқан TURKWOMEN халықаралық әйелдер форумында экономика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР ҒЖБМ ҒК Экономика институтының әлеуметтік саясат және адами ресурстар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қалиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігі ел экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инновацияны дамытуға ықпал етіп отыр. Сонымен қатар халықаралық инвестицияларды тартуға және басқа мемлекеттермен серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдердің саны 4,5 млн адамды қамтыған. Бұл – жалпы жұмыспен қамтылғандардың 48,3%-ына тең. Ал әйелдердің жұмыс күшіне қатысу деңгейі 63,2%-ға жетіп, Қазақстанды әлемдік үздік 30 елдің қатарына шығарды. Сондай-ақ елде шағын және орта бизнес иелері, мемлекеттік қызметшілер мен IT саласының жетекшілері арасында әйелдердің үлесі артып келеді.
Айта кетсек, TURKWOMEN халықаралық форумы түркі әлемінің зерттеуші, кәсіпкер, мәдениет және медиа саласының өкілдері – әйел көшбасшыларын жинап, әйел рөлін декларациядан нақты іске көшіруді мақсат етеді. Бағдарлама барысында институционалдық өзгерістер, қала мен ауылдағы кәсіпкерлік модельдер, мәдени мұраны сақтау және заманауи медиа құралдарының ықпалы талқыланады.
Пікірлер (0)