Қазақстан мен Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтереді
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев елімізге ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Басқосуда тараптар Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты арасындағы 2025–2026 жылдарға арналған Ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойды, деп хабарлайды ҚР Сенатының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Мәулен Әшімбаев бауырлас ел делегациясын жылы қабылдап, Өзбекстан халқын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ол қазақ-өзбек қарым-қатынасының берік негізі – ежелгі достық пен тату көршілік дәстүр екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет басшылары белгілеп берген өзара іс-қимылдың қарқынын жалғастырудың маңызына тоқталды.
Сенат Спикерінің айтуынша, екі ел арасында саяси байланыстар тұрақты дамып келеді, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та нығаюда. Бұл бағыттағы жетістіктер ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевтің достығы мен өзара сеніміне негізделген. Әшімбаев өткен жылы Өзбекстан Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қабылданған стратегиялық серіктестік бағдарламасына ерекше назар аударды.
Кездесуде парламентаралық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған комиссия жұмысы қаралды. Сондай-ақ, су-энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, машина жасау, экология, білім беру және цифрландыру саласындағы жобаларды қолдау мәселелері сөз болды. Әшімбаев алдағы жылы Алматыда өтетін Өңірлік климаттық саммиттің күн тәртібіне де тоқталды.
Сонымен қатар, рухани дипломатия тақырыбы қозғалып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңыздылығы айтылды. Мәулен Әшімбаев Өзбекстан мұсылмандары басқармасының форум жұмысына белсенді қатысып келе жатқанын атап, ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанның Орталық Азиядағы рөліне жоғары баға беріп, парламентаралық өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Ол мәдениеттер мен діндер арасындағы келісім мен толеранттылық идеяларын ілгерілету бүгінгі күні ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Айта кетейік, сапар аясында Өзбекстан Сенатының басшысы Қазақстан-Өзбекстан зиялы қауымының форумына қатысады, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерімен жүздесіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығының және «Astana Hub» технопаркінің жұмысымен танысады деп жоспарлануда.
Пікірлер (0)