Қазақстан құрамасы Бакудегі халықаралық олимпиадада үздіктер қатарына енді
Сурет: gov.kz
Қазақстандық мектеп оқушылары құрамасы экономика пәні бойынша 2025 жылғы Халықаралық олимпиадада (IEO) керемет нәтиже көрсетіп, Бакуде өткен додада алтын, екі күміс және қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап Janabastau.kz хабарлайды.
Биылғы олимпиада 20–29 шілде аралығында Әзірбайжан астанасында өтті. Дүниежүзінің 55 елінен 280-ге жуық қатысушы жиналып, жоғары деңгейдегі бәсекелестік орнады. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания сынды мықты командалар арасында Қазақстан құрамасы ерекше көзге түсіп, әсіресе бизнес-кейс шешу бойынша командалық кезеңде қарсыластарынан оқ бойы озық шықты.
Олимпиада жеңімпаздары: Батырхан Мұхтархан – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы, алтын медаль; Әділет Абзалиев – NIS Астана, 11-сынып, күміс медаль; Нұрхан Төлеев – NIS Астана, 11-сынып, күміс медаль; Томирис Оспан – Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы, қола медаль; Даниял Арыстан – NIS Астана, 11-сынып, қатысқаны үшін грамота иегері.
Команда жетекшілері ретінде Руслан Мұлдашев («Paradigm Shift» ЖШС қаржы директоры) және Айгүл Қарқұлова (Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары) жұмыс істеді.
Экономика пәні бойынша халықаралық олимпиада — бұл жай ғана жарыс емес. Ол жеке және топтық тапсырмаларды, бизнес-ойындарды, қаржылық жоспарлау мен экономикалық модельдеу міндеттерін қамтитын зияткерлік дода. Қатысушылардан терең дайындық пен аналитикалық ойлау талап етіледі.
Қазақстан бұл олимпиадаға 2018 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің оқушылары 2 алтын, 5 күміс және 17 қола медаль иеленіп, интеллектуалды әлеуетімізді нығайтып келеді.
Оқу-ағарту министрлігі өз мәлімдемесінде: «Жас зияткерлерімізді, бапкерлері мен ата-аналарын халықаралық аренадағы еліміздің абыройын асқақтатқан керемет жетістігімен құттықтаймыз!» – деді Дамир Омаров
Пікірлер (0)