Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салынады: Мәжіліс заң жобасын мақұлдады
Сурет: интернеттен
Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды БАҚ беттерінде де, көшеде де жарнамалауға тыйым салынады, деп хабарлайды Janabastau.kz
Ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, видео және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салады.
Букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларға арналған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады.
Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халықтың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.
Құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады.
Сонымен қатар енді букмекерлік кеңселер өздерінің аппараттық-бағдарламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Осылайша мемлекет олардың барлық қаржылық операциясын көре алады.
Одан бөлек Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды.
Уәкілетті органның шешімімен қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жүргізіледі.
Пікірлер (0)