Қазақстанда жыл басынан бері 326,3 мың тонна нан өндірілді
Фото: egemen.kz
Әлемде жыл сайын 16 қазан — «Нан күні» ретінде аталып өтеді. Қазақстан – астыққа бай, әлемдік нарықта өз орнын айқындаған, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отырған, нанды ерекше қадірлейтін әрі нан пісірудің бай дәстүрін қалыптастырған ел, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінше, өткен жылы елімізде 510,1 мың тонна нан өндірілсе, осы жылдың қаңтар–тамыз айларында бұл көрсеткіш 326,3 мың тонна болды.
Бүгінде нан зауыттарының өндірістік қуаты жылына 457,4 мың тоннаға жетеді. Өнімнің негізгі бөлігі – бидай ұнынан пісірілген қалыпты нан. Оның үлесі жалпы ассортименттің шамамен 60%-ы. Тұтынушылардың сұранысына сай өнім түрлері жыл сайын артып келеді. Нанның дәстүрлі түрлерінен бөлек, ұзақ және қысқа мерзімге сақталатын тоқаштар, ұннан және кондитерлік өнімдердің сан түрі шығарылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарға мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіледі.
2021–2030 жылдарға арналған АӨК дамыту тұжырымдамасы аясында жылына 2 мың тоннадан астам нан-тоқаш немесе кондитерлік өнім өндіретін кәсіпорындарға инвестициялық шығындарының 25%-ын өтеу түрінде қолдау қарастырылған. Бұдан бөлек, ұн өндірушілер үшін салықтық жеңілдіктер бар. Салық кодексінің 411-бабына сәйкес, бұл саладағы ҚҚС мөлшерлемесі 70%-ға төмендетілген.
Қазіргі таңда Қазақстандағы нан өндірісі ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Әрбір нан өнімі – диқанның, диірменшінің, наубайшының және логисттің маңдай терінің жемісі. «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» үздіксіз жүретін бұл өндірістік тізбек халқымызды күн сайын сапалы әрі қолжетімді нанмен қамтамасыз етіп келеді.
Пікірлер (0)