Қазақстандағы жастар саясаты: жұмыспен қамту, тұрғын үй және қызметте өсу
Сурет: Ашық дереккөзден
«Қазақстанның болашағы – отаншыл, білімді, еңбекқор азаматтардың, яғни жастардың қолында. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін!» – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы қазақстандық жастармен жұмыс істеудің басты бағыты «Адал азамат» тұжырымдамасы болды. Бұл бағытты Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айқындап берді. Тұжырымдама адалдық, әділдік және еңбекқорлық секілді құндылықтарды насихаттауға негізделген.
Мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі – жастарды жұмыспен қамту мәселесі. 2024 жылы 400 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды.
Еліміздің бірнеше өңірінде оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламалары жүзеге асты. Атап айтсақ, Астанада – «Jol Tap» (3,9 мың адам оқудан өтті), Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында – «Jumys Tap» (10 мың адам жұмыспен қамтылды) бағдарламалары. Сондай-ақ Алматыда «Jobfair365» платформасы жұмыс істейді, оның көмегімен 2,5 мың жас маман жұмысқа орналасты.
Астанада «Jol Tap» жобасы аясында 19,5 мың азамат мемлекеттік қолдау шараларының 52 түрі бойынша кеңес алды. Олардың ішінде 3,9 мың адам 10 түрлі мамандық бойынша оқытылды (тігінші, бариста, сатушы-кассир, электргазбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есептің негіздері, аяқ киім жөндеу және кілт жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май және дөңгелек ауыстыру жөніндегі авто-маман, Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері және т.б.)
Жастар ресурстық орталықтары 2024 жылы кәсіптік бағдар беру мақсатында 500-ден астам бос жұмыс орын жәрмеңкесін ұйымдастырып, 1 миллионнан астам кеңес беріп үлгерді (заңгерлік, психологиялық, кәсіптік бағдар, мемлекеттік бағдарламалар, волонтерлік, жұмыспен қамту және т.б.).
NEET санатындағы жастарға да ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта бұл санатқа жататын 160 мыңнан астам жас бар. Олар – білімі мен жұмысы жоқ қазақстандық жастар. NEET жастарының бастамаларын қолдау мақсатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Zhas project» аясында 280 грант бөлді (әр гранттың мөлшері – 1 миллион теңге).
Сонымен қатар 20 жылдан астам уақыт бойы елдің әр өңірінде жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға бағытталған «Жасыл ел» жобасы жүзеге асып келеді. Соңғы 3 жылда 100 мыңнан астам жас қамтылса, оның 30 мыңнан астамы – ауыл жастары.
Мемлекет жастарға тұрғын үй мәселесін шешу бойынша жүйелі қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылдан бастап, мемлекеттік бағдарламалар аясында 7 200-ден астам жас қазақстандық баспанаға ие болды.
Бүгінде «Отбасы банк» және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елдің 16 өңірінде жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар да іске қосылды. Шарттарын атап айтатын болсақ, 10% бастапқы жарна төленіп, пайыздық мөлшерлемесі 5%-дан басталады, 19 жылға дейін несие беріледі.
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады, бірақ отбасылы болған жағдайда ерлі-зайыптының біреуі ғана өтініш бере алады.
Сондай-ақ жастар үшін арнайы квоталар қарастырылған республикалық тұрғын үй бағдарламалары да бар. Атап айтсақ, «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары. 2024 жылы осы бағдарламалар аясында 3 923 жас азаматқа жалпы сомасы 103,4 млрд теңге несие берілді. «Отау» бағдарламасы бойынша 1 450 жас азамат жалпы сомасы 31,7 млрд теңге көлемінде несие алды.
Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті арттыру.«Президенттік жастар кадрлық резерві» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазіргі уақытта 315 резервтегі жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды.
Жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді (2019 жылы – 13 мың адам, 2021 жылы – 22 мың адам, 2023 жылы – 31 мың адам). Үш іріктеудің нәтижесі бойынша 400 адам Резервке қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 және 2023 жылдары – 50 адам).
Олар саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусына, сондай-ақ «Б» корпусындағы басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
2024 жылы алғаш рет барлық өңірде аймақтық кадрлық резервке іріктеу өтті. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қатысты. 505 адам екі жыл мерзімге резервке қабылданып, мемлекеттік органдардың келісімімен «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауында жастарға арналған арнайы квоталар енгізілді, бұл бастама органдардың жұмысына жаңа серпін берді.
Бұдан бөлек мемлекет гранттар мен сыйақылар арқылы жастарға қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы 90 млн. теңгеге «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 30 жасқа табысталды. Жоба алты бағыт бойынша грант бөлді. Атап айтсақ, ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес, волонтерлік секілді тақырыптар қамтылды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Биыл жастарға арналған арнайы гранттық жобалар 6 бағыт бойынша (лудомания мен нашақорлықтың алдын алу, жастардың қаржылық және құқықтық сауатын арттыру және т.б.) бөлінеді. Жобаның жалпы сомасы шамамен – 720 млн теңге (2025-2027 ж. ж. кезең үшін).
Стартаптар мен инновациялық бастамаларды қолдау жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың өсуінк ықпал етеді.
Кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу жастардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырады.
Жалпы, көпвекторлы жастар саясаты жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың азаматтық жауапкершілік деңгейінің артуына ықпал етеді.
Пікірлер (0)