Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай хейт жазғандарға жауап берді
Сурет: Ашық дереккөзден
Бокстан Қазақстанның 14 дүркін, Әлемнің 3 дүркін чемпионы, Париждегі Жазғы олимпиада ойындарының 51 кг салмақтағы қола жүлдегері Назым Қызайбай әлеуметтік желіде өзін сынағандар мен хейт жазғандарға арнайы пост жариялады, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Боксшы өз жүріс-тұрысы мен іс-әрекетін сынағандарға еш ренжімейтінін айтты. Оның пікірінше, хейт жазатын адамдар көбіне өз ішіндегі бақытсыздығын өзгелерде көріп, теріс көзқарас танытады.
«Адамдар әрқашан теріс пікір айтуға себеп табады. Біреу қызғаныштан, біреу назар аударту үшін, ал біреу өз ішіндегі бақытсыздығынан. Бірақ бұл мені ешқашан алаңдатпайды. Мен кім екенімді, қандай жолда жүргенімді білемін», — деді Қызайбай.
Ол өз сөзінде әр адамның тек өз ісіне ғана жауапты екенін атап өтті: «Көпшілігі өзін «мінсіз» етіп көрсеткісі келеді, қателік жасамайтын періште секілді. Бірақ өмірде әркім тек өз ісіне жауапты. Басқаларды сынау — әлсіздіктің белгісі ғана. Мен біреуге ұнау үшін өмір сүрмеймін. Өзім дұрыс деп санаған жолмен жүремін».
Әлем чемпионы сонымен қатар өз жүрегінің таза болуын басты қағида деп санайтынын жеткізді: «Адамдарға жақсылық тілеп, өз жолыңмен сенімді жүру — ең үлкен күш. Себебі мықтылық біреуді сынауда емес, ешкімге жамандық жасамауда».
Пікірлер (0)