Қазіргі жастар әсіредіншіл, әсіреұлтшыл емес, жаңашылдыққа жақын - президент
Фотосурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақтың отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайтынын тілге тиек етті. Айтуынша, жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Жастар «Елді сүю дегеніміз – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көргісі келеді. Заманауи технологияларды меңгеріп, халқымызды озық ойлы ұлттардың қатарына қосуға талпынады. Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін, - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол біздің кеше кім болғанымызды ұмытпайтынымызды, төл тарихымызға құрметпен қарайтынымызды, келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы түсінетінін жеткізді.

Сондықтан ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады. Қазір жер жүзінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жастар тез бейімделеді. Соның ішінде жасанды интеллектінің жаңа дәуірдегі орны ерекше. Хакім Абай «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген. Бұл нақыл сөзге мемлекет басшысы ретінде қосарым: Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы алдымен халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Осы жағын еске салған президент қазір Қазақстанның жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатқанын айтты.

Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек, - деді ол сөз соңында.
Пікірлер (0)