Жолдауға – қолдау: «Байтақ» жасылдар партиясы белсенділік танытады
Фотосурет: zanmedia.kz
9 қыркүйекте Астана қаласында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты арнайы баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Іс-шара «Жолдау – жасыл Қазақстанға бастар жол» тақырыбында ұйымдастырылып, партияның Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты ресми ұстанымы мен экологиялық үндеуі таныстырылды.
Жолдауда мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесіне енгізілген маңызды өзгерістерді, «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық жобасын және су ресурстарын тиімді басқару қажеттігін атап өтті. Президенттің айтуынша, су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың кепілі әрі ұлттық қауіпсіздіктің негізгі факторы.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру, кәсіби кадрлар даярлау және су дипломатиясын дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттілігін ерекше айтты. Бұдан бөлек, Арал теңізін қалпына келтіру жолында 20 жылдан аса уақыт жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде Солтүстік Арал көлемінің ұлғайғаны және Каспий теңізінің тартылуы халықаралық деңгейде шешілуге тиіс аса күрделі экологиялық қауіп екені тілге тиек етілді.

Кеше біз президент Жолдауын тыңдадық. Бұл – Қазақстанның даму картасы. Біздің партия бұл Жолдауды толық қолдайды. Президент атап өткендей, цифрландыру, инвестициялар мен жасыл энергетика – елдің жаңа болашағының негізі. Осы орайда ең бастысы – су ресурстарын тиімді пайдалану, экологияны қорғау. Біз «Байтақ» партиясы әрбір бастамаға жасыл акцент қосуға дайынбыз: цифрлық технологияларды табиғатты қорғауға қолдану, инвестициялық жобаларды «экологиялық сүзгіден» өткізу, атом энергетикасы бойынша халыққа ашық әрі қауіпсіз шешім қабылдау қажет. Сондай-ақ президенттің бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсынысы – тарихи бастама. Бұл халықтың даусын күшейтіп, демократиялық жүйені жеделдетеді. Жолдау – әр қазақстандықтың өмірін жақсартуға бағытталған. Біз бірлесіп, әділетті, мықты әрі жасыл Қазақстан құрамыз, - деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Өз кезегінде партия төрағасының орынбасары Олег Пак президенттің парламенттік реформа жөніндегі бастамасын қолдай отырып, реформалар тек бір палаталы Парламентпен шектелмей, депутаттардың тәуелсіздігі мен халықтың мүддесін қорғауына бағытталуға тиіс екенін атап өтті. Ол өңдеуші өнеркәсіп бойынша құрылған үйлестіру кеңесінен мысал келтіріп, депутаттардың нақты тиімділігі артуы қажет екенін айтты.

Президенттің бұл бастамасы – тарихи сәт. Әрине, қоғамда түрлі пікір бар. Бірақ ең бастысы – елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтау. Әрбір шешім балаларымыздың болашағына әсер етеді. Сондықтан біз әйелдер қауымы ретінде осы мәселені ашық әрі саналы түрде талқылап, қоғамда келісім мен өзара құрметті сақтауға шақырамыз. Президенттің халыққа деген сенімі – үлкен жауапкершілік. Бұл сенімді ақтауымыз қажет, - деді «Байтақ» партиясы Астана қаласы бойынша Әйелдер кеңесінің төрағасы Роза Темірқұлова.
Ал партия жобаларының жетекшісі Қуандық Нұртаевтың айтуынша, 8 қыркүйектегі Жолдауда еліміздің жаңа саяси маусымы басталды деуге болады.

Біз 2025 жылғы 5 маусымда партияның Жаңа экологиялық идеология тұжырымдамасын таныстырған болатынбыз. Тұжырымдаманың бірқатар тармағы президент Жолдауымен үндеседі. «Бұл партиямызға экологиялық күн тәртібін іске асырып, алдағы Парламент сайлауында жеңіске жетуге нақты мүмкіндік береді, - деді ол.
Іс-шараның негізгі тақырыптары:
- Су ресурстарын тиімді басқару және қорғау мәселесі;
- «Таза Қазақстан» экологиялық бастамаларына партияның ресми ұстанымы;
- Атом электр станциясына қатысты партияның пікірі.
Баспасөз конференциясына онлайн Zoom арқылы партияның өңірлік төрағалары, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысып, талқылауға өз үлестерін қосты.
Шара қорытындысында «Байтақ» жасылдар партиясы мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды толық қолдай отырып, Қазақстанның жасыл болашағын қалыптастыру, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету және су қауіпсіздігін сақтау жолында белсенді жұмыс атқаратынын мәлімдеді.
Пікірлер (0)