Қостанай мен Астанадағы ауруханалардың жағдайы көпшілікті шошытты
Фото: Видеодан скрин
Қостанайдағы балалар ауруханасының жағдайы шетелден келген қонақты шошытып, желіде қызу талқыға түсіп жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
“Кореялық құрбымнан ұялдым”
Қостанай облыстық балалар ауруханасының жағдайын қостанайлық Threads парақшасында жазды. Ол Кореядан келген құрбысын Қостанай облыстық балалар ауруханасына апарғанын, десе де аурухананың күйі үшін қатты ұялғанын айтты. Сөзінше, аурухана қабырғасы, төбесі мен баспалдақтары қирап жатыр. Ал кореялық құрбысы дәл осындай күйдегі ауруханада балалардың емделіп жатқанына сену қиын екенін айтыпты.
Кореялық құрбым мен оның балаларын ертіп Қостанай облыстық балалар ауруханасына бардық. Аурухананың жағдайын көргендегі оның реакциясы мені қатты ұялтты. Шетелден келген құрбым балалардың осындай жағдайда емделіп жатқанына сене алмады. Бұл балалар ауруханасы. Пневмония, бронхитпен ауырған сәбилер жатқан, жансақтау бөлімінде дәрігерлер баланың өмірі үшін арпалысып жатқан орын. Бірақ ғимараттың өзі баяғы заманнан қалғандай. Қабырғалары ылғалдан сарғайып, тақтайшалар опырылып, баспалдақтар қирап жатыр. Мұндай жерде балалардың емделіп жатқанынасену қиын. Ал бұл жағдайға биліктің көз жұма қарап отырғанына сену қиын, – деп жазды қостанайлық.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қостанай облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасынан мән-жайды сұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қостанай облысында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қамауға алынды
Олардың мәліметінше, “Қостанай облыстық балалар ауруханасы” 2020 жылы салынған жұқпалы аурулар корпусында орналасқан екен. Бұл корпус “Қостанай облыстық ауруханасы” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі, бірақ балалар ауруханасы оны тегін пайдаланып отыр дейді.
“Қостанай облыстық балалар ауруханасы” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жекелеген корпустары Л.Беда көшесі., 23а мекенжайында орналасқан. Инфекциялық корпус ғимаратына 2023 жылы жөндеу жүргізілді. Сомасы 92,4 миллион теңге. Ал 2024 жылы соматикалық корпусқа (Л.Беда көшесі 23а) жөндеу жасалды. Оның сомасы 42,2 миллион теңге. Оңалту орталығына да (Л.Беда көшесі 23а) жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 55,1 миллион теңге жұмсалды, – делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, аурухананың тағы бір корпусына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.
Быковский көшесі 4 мекенжайында орналасқан “Қостанай облыстық балалар ауруханасы” коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Ал оның нақты жобасын әзірлеу жұмысы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына тапсырылды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптама порталына жүктелді, – делінген хабарламада.
Басқарма мәліметінше, аурухананың жағдайы бойынша қызметтік тексерулер мен тәртіптік шаралар жүргізілмепті.
“Науқастар мұнда қалай емделеді?”
Бұдан бөлек, Threads желісінде Астана қаласының № 3 көпбейінді қалалық ауруханасының жай-күйін көрсететін видео жарияланды. Кадрдан ғимарат қабырғасы мен жиһаздардың қирап тұрғанын көруге болады.
Адамдарды осындай жағдайда қалай емдеуге болады? Ғимарат көз алдымызда шіріп барады. Бәрі қирап жатыр, айналаның бәрі лас. Ішке кірсеңіз, жағдай одан да ауыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналарымыз бен салықтан жиналған қаражат қайда кетіп жатыр? Денсаулығы онсыз да әлсіреп келген науқастар неге мұндай адам төзгісіз жағдайда жатуы тиіс? – деп жазды елордалық азамат.
Аталған жағдайға Астана қаласы әкімдігінің Қоғамдық денсаулық басқармасы жауап берді. Олардың мәліметінше, қазір аурухана ішінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
“Аталған аурухананың хирургиялық корпусында іргелі (капитальды) жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес аяқталды. Қазір терапевтік корпус, әкімшілік ғимарат, асхана және басқа бөлімшелерде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр”, – делінген хабарламада.
“Жөндеу жұмыстары соңғы рет КСРО кезінде жасалған сияқты”
Екі ауруханадағы жағдай желі қолданушыларын да алаңдатып қойды. Олар бұл нысандарда мықты дәрігер мамандар бар екенін айтты. Алайда ғимараттың әбден тозығы жеткені екенін жеткізді.
“Неліктен қарапайым адамдарға арналған аурухананың жағдайына соншалықты алаңдайсыз? Жаңа Қазақстан үшін бұл маңызды емес. Жана Қазақстан үшін Денсаулық сақтау министрінің сыртқы келбетінің Мемлекетаралық стандартқа сәйкес келуі маңызды. Оның Ұлттық өнім каталогына мақұлдануы маңызды. Министр Prada, Gucci сынды бренд киімдер киіп жүруі маңызды”.
“Аурухананың дәрігерлері, қызметкерлері өте жақсы. 21 жасымда сол жерде болдым. Ал анам өткен апта сол жерде емделді. Онда жұмыс істейтін адамдар өте жақсы. Сондықтар, нысанды түбегейлі жөндеуден өткізуді сұраймын. Бірақ Әлназарова сияқты министр отырғанда, жақсы нәрсе болмайды деп ойлаймын”.
“Бірде бір ауруханаға @өтініш арқылы шағым жазып көрген едім. Маған әртүрлі адамдар қоңырау шалып, «бәрін түзетеміз» деп уәде берді. Бірақ соңында «дәлел жоқ болғандықтан (көп фото болғанына қарамастан) сіздің өтінішіңіз қаралмайды» деген жауап келді. Тағы бірде ауруханаға шағымдандым, учаскелік терапевт қоңырау шалып, жылап, жұмыстан шығарылатынын айтты. Ақыры өтінішімді қайтарып алдым. Өйткені, қызметкердің аяп кеттім”.
“Қостанай мен Астанада балаларыммен бірге емделгенмін. Қостанайда темір төсек тар болды. Балаңды оятпас үшін бүйірден жата бересің. Палатада ауырып жатқан адамдар көп. Жөндеу жұмыстары КСРО кезінде ғана жасалған сияқты. Ал Астанадағы ауруханада бізге жеке бөлме берілді. Онда екі орындық төсек, шкаф, ванна, дәретхана болды”.
“Алматыдағы республикалық Аксай балалар ауруханасында да осындай жағдай. Ыстық су мүлде жоқ, мұздай суға жуынамыз. Мұндай ғимараттарды әдейі апатты жағдайға жеткізіп, кейін әкімдік тегін алып, сүріп тастап, орнына тұрғын үй кешендерін салатыны белгілі. КСРО кезінде Аксай балалар ауруханасының аумағында қарағайлы ағаштар, саябақ болған еді. Қазір ол жерде зәулім үйлер, коттедждер салынған. Меніңше, бұл балалардан кеңістігін тартып алу деген сөз”.
Пікірлер (0)