Қыркүйекте бір саладағы 25 мыңнан аса маманның жалақысы өседі
Фотосурет: janabastau.kz
Елімізде «Табиғи монополиялар туралы» заңға енгізілген су шаруашылығы саласындағы қызметкерлердің еңбекақысын арттыруды көздейтін түзетулер күшіне енді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, заңды іске асыруға арналған тиісті нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ресми мәліметке сүйенсек, жалақы биыл қыркүйек айынан бастап көтеріледі. Бұл ел бойынша сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсететін 25 мыңнан аса маманға қатысты болмақ.
Аймақтық ерекшеліктер мен ресми статистикаға сәйкес, еңбекақы орта есеппен 35-50 пайыз өседі.
Еске сала кетсек, бұл түзетулерді әзірлеу былтыр басталып, жаңа заң жобасына мемлекет басшысы биыл маусым айында қол қойған болатын.
Пікірлер (0)