Рудныйдағы көшелерді қазақыландыру мәселесі қызу талқыға түсті

Жаңалықтар
view 102
news

Коллаж: дереккөз

21 қараша күні Рудный қаласында көше атауларын өзгертуге арналған тарихи қоғамдық тыңдау өтті. Dalanews.kz тілшісі дауға айналған мәселеге шолу жасады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Тыңдалымда қаладағы Иван Франко көшесін - Әлия Молдағұлова, ал 50 лет Октября көшесін - Достық деп өзгерту мәселесі қаралды. Жиын кезінде Рудный қаласындағы көшелер атауын өзгертуге 14 депутаттың 12-сі дауыс берді. "НГ" мәліметінше, депутат Азамат Ысқақов дауыс бермеген, себебі ол мәслихат комиссиясының тұрақты мүшелігінде емес. Осылайша қаладағы көшелер атауын өзгертуді 10 депутат қолдап, тек біреуі - "Горняк" мәдени ойын-сауық орталығының директоры Валерий Гирфанов қарсы шыққан. 

Қоғамдық тыңдау кезіндегі даулы оқиға

Рудный қаласының белсендісі әрі жергілікті автомектептің директоры Екатерина Корчагина тыңдау кезіндегі сөзімен қызу талқыға түсті. Ол өз сөзінде Кеңес мемлекетінің «ұлы рөлі» туралы баяндама жасап, осылайша көше атауларының қазақшалануына қарсылығын білдірді.

Одан кейін ол өз-өзін ұстай алмағандай көрініп, бірден «біз бұл қаланы сіздерге сыйладық» деген сияқты өктем әңгімелерге көшті. Бір сәтте оған регламенттен асып бара жатқаны ескертіліп еді, Корчагина: 

Сендердің регламенттеріңе түкіргенім бар! - деп айғайлаған. 

                                                                                                   (Екатерина Корчагина)

Бұл сөзден кейін абдырап қалған қалалық мәслихаттың төрағасы Азамат Ысқақов полиция шақырып, оған қатысты арыз жазды. Полиция Корчагинаны ғимараттан күштеп шығарып жіберді.

Артынша Екатерина Корчагина әлеуметтік желіде қорлауын жалғастырған. 

Тағы бір жайт. Мен: “көше атауын өзгерткеннен кейін жолдарымыз жөнделіп кете ме, өміріміз жақсара ма, жаңа жұмыс орындары ашыла ма, біз өзімізді тең ұстай бастаймыз ба, ал сіздердің балаларыңыз айналаны былғауды қоя ма?” деген едім олар қалай ашуланғанын көрсеңіздер. Сіз “балалар деп нені меңзеп отырсыз?” деп сұрай бастады. Мен бұрыш-бұрышқа түкіретіндерді ғана емес, терезеден қоқыс лақтыратын, оны подъезге шығарып тастайтындарды айттым. Балалардың ойын алаңдарын сындыратындарды, орын-орынды түкіріктерімен, қабықтарымен, кір-қоқыстарымен ластайтын барлық шошқаларды айттым,  - дейді Корчагина. 

Әлеуметтік желі қолданушылары белсендіні осы сөзінен кейін қамауға алуды талап етіп, кейбірі e-otinish порталы арқылы оның үстінен арыз да жазған. 

Желідегі талқылау

Бұл мәселе әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері қызу талқыланып жатыр. Қалада тұрған Арай есімді тұрғынның сөзінше, аймақта қазақ тіліне деген құрмет жоқ. 

Рудныйда мен де тұрдым, жұмыс істедім. Қазақ тіліне деген құрмет 0! Мұны әкімшілік ішінен бастап қала тұрғындарының көпшілігінен байқадым. Көшелерінің 90 пайызы орысша аталынған, тіпті Абайдың атында көше жоқ. Көше атын ауыстырайық десе қала тұрғындары қол жинап көтерілеміз деп шығады. 3 қана қазақ мектебі бар. Мәдени ошақтарында да көбіне қызмет ететіндер орыс ұлтының азаматтары. Қиын жағдай. Өзгеретініне күмәнім бар.

Ернұр Кенжебеков есімді тағы бір қазақстандықтың сөзінше, көшелерге қазақы атаулар беру - рухани тәуелсіздігімізді айқындайтын үлкен қадам екенін атап өтті. 

Қазақ тілінің мәртебесін көтеру - елдігіміздің ең маңызды тіректерінің бірі. Рудный қаласының көшелеріне, тіпті қала атауының өзіне қазақы атаулар беру - рухани тәуелсіздігімізді айқындайтын үлкен қадам болар еді. Бұл өңірдің мәдениетіне, тарихына жанашырлық танытып, қазақ руханияты үшін аянбай еңбек еткен Өзбекәлі ағамыздың аманатына да сай келеді. Тілімізді құрметтеу, жеріміздің атауын түгендеу - ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Қазақ тілін күнделікті өмірде кеңінен қолдануға жазсын! 

Сонымен қатар қазақстандықтар Рудный қаласындағы көшелерді ғана емес, қала атауын да қазақыландыру керегін де жарыса жазып жатыр. Бірі жаңа атау ретінде Кеңқаланы ұсынса, енді бірі Сарыбай деп атауды ұсынған. 

Айта кетейік, депутаттардың тыңдалымдағы шешімі түпкілікті шешім емес. Енді қоғамдық тыңдау материалдарын республикалық ономастикалық комиссия мақұлдауы қажет. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *