Салық кодексіне өзгерістер: Kaspi мен Halyk арқылы аударымдарға ҚҚС салынбайды
Коллаж: Ulysmedia.kz
Жаңа Салық кодексіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізіліп, олардың кейбірін Сенат қабылдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz.
Ең қызу талқыланған тақырыптардың бірі — Kaspi мен Halyk банктері арқылы жасалатын қарапайым ақша аударымдарына қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу мәселесі еді. «Бұл бастамаға біз басынан-ақ қарсы болдық. Өйткені баласына түскі асқа ақша аударған адамның сомасына тағы 16% салық қосу ақылға қонбайды», — деді депутат. Айтуынша, бұл ұсынысты Ұлттық банк те қолдамаған. Нәтижесінде, бұл норма қабылданбай қалды.
Сондай-ақ, Аймағамбетовтың сөзінше, инвесторлар акциялардан алған дивидендтері үшін жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босатылады. «Мемлекет бір жағынан халықты IPO-ға қатысуға шақырады, екінші жағынан соған түскен табысқа салық салса, бұл қайшылық болар еді», — деді ол.
Одан бөлек, отандық баспа басылымдары үшін де жақсы жаңалық бар. Бұған дейін бірнеше рет ұсынылған, бірақ қолдау таппаған ҚҚС мөлшерлемесін төмендету туралы бастама да Сенат тарапынан қабылданды. Енді газет-журналдар мен басқа да баспа өнімдеріне ҚҚС 10% мөлшерінде ғана салынады.
«Бастапқыда қолдау таппаған ұсыныстарымыздың бірі-бірі ақыры қабылданып жатқаны — нәтижелі жұмыстың жемісі», — деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.
Пікірлер (0)