Сандықтау ауданы аграрлық секторды нығайтып келеді

Жаңалықтар
view 52
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Сандықтау ауданы 2025 жылдың алғашқы айларын нақты нәтижелермен және айқын жоспарлармен аяқтады. Негізгі басымдық – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, туралы аудан әкімі брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі қозғаушы күші. Биылғы жылы егістік көлемі 352,6 мың гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда ұлғайды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 304 мың гектарды құрайды. Мал шаруашылығында да өсім бар: қой, ешкі және жылқы басы артқан.

“Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,3 млрд теңгені құрады. Техника жаңартылып, бұл инвестициялық белсенділікті сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Қаңтар–мамыр аралығында ауданға 4,8 млрд теңге инвестиция тартылды. 2025 жылға арналған 14 жоба жоспарланған – оның ішінде астық кептіргіш кешендер, бұршақ өңдеу, карьерлер ашу және басқа да өндіріс нысандары бар”, деді спикер. 

Өнеркәсіп саласында әзірге өткен жыл деңгейіне жете алмай отыр, бірақ өңдеу өндірісі мен пайдалы қазбаларды игеру жұмыстары басталды. Шағын және орта бизнестің 949 субъектісі жұмыс істеп тұр, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 65 млн теңгеге жобалар қаржыландырылды.

Әлеуметтік салаға да ерекше көңіл бөлінуде. Мектептер жөнделіп, дәрігерлік амбулаториялар салынып, медициналық жабдықтар жаңартылуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта ауыз сумен және жылумен қамту мәселелері шешімін табуда: топтық су құбырының құрылысы аяқталуға жақын, ал 1,8 млрд теңге құрайтын жаңа қазандықтың құрылысы 80%-ға орындалған.

Су тасқыны қаупіне қарсы жүйелі шаралар қабылданып, 2025 жылғы көктемде су басу оқиғаларына жол берілмеді. Балкашино ауылын бойлай жатқан Жабай өзенінде жағалауды бекіту және тереңдету жұмыстары 80%-ға орындалды.

“Аудан туризмді де дамытып отыр. «Жас Даурен» балалар лагері этноауыл құрып, туристік автобус сатып алды. Жаңа бағыттар бойынша маршруттарды тіркеу үшін өтінімдер берілді. Бұл өңірдің табиғи әлеуетін кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді”, деп толықтырды Серік Құдабай. 

Сандықтау ауданы – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, кәсіпкерлік пен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *