Шардарада әкесін аяусыз ұрып-соққан адам 6 жылға сотталуы мүмкін
Фотосурет: әлеуметтік желіден
Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылында әкесін ұрып-соғып, қинаған Алмас Садақбаевтың ісі Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр, деп хабарлайды JANANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі KAZINFORM-ға сілтеме жасап.
Жетісай аудандық сотында прокурор туған әкесіне қатыгездікпен адам төзгісіз қорлық көрсеткен 41 жастағы Алмас Садақбаевты 6 жыл 2 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Оған қылмыстық кодекстің «Қинау» бабы және «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру» бабы бойынша айып тағылған.
Сотталушының әкесі марқұм 70 жастағы Есіркеп Садақбаев бұған дейін өзге баласының үйінде тұрған. Өткен жылдың мамыр айында айыпталушы әкесін қолына алған. Әкесінің денсаулығы нашар болғандықтан, ерекше күтімді қажет еткен. Айыпталушы тамыз айының өзінде әкесіне 3 рет физикалық күш қолданып, аса қатыгездікпен денсаулығына зиян келтірген. Қария көп ұзамай 2025 жылдың 2-нен 3-ші қыркүйегіне қараған түні көз жұмған.
Сотталушы Алмас Садақбаевты Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен кінәлі деп танып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, одан бөлек Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағымен кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға толық қосу арқылы түпкілікті 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын, – деді Шардара ауданының прокуроры Алмас Әлі.
Жарыссөзде сөйлеген жәбірленушінің заңды өкілі әрі сотталушының інісі Батыр Садақбаев соттан әкесін қинаған ағасын жауапқа тартуды сұрады. Ал сотталушы Алмас Садақбаев пен оның қорғаушысы жазаны жеңілдетуді өтінді.
Садақбаев кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Ол бұған дейін үйленгенін, бірінші некесінен үш баласы бар екенін және оларға алимент төлейтінін жеткізіп, жасаған ісі үшін бауырларымен бірге көпшіліктен кешірім сұрады.
15 қаңтар күні сағат 11:00-де сотталушының соңғы сөзі тыңдалады. Одан кейін іс соттың кеңесу бөлмесінде қаралып, соңынан сот актісі жарияланады.
Пікірлер (0)