Шерзат Болаттың үйі. Баспана күлге айналды, уәде желге ұшты: Әкімдік енді не дейді?
Сурет: Ашық дереккөзден
Талғардағы жаппай төбелесте қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың туыстары тұратын үй өртке оранып, толығымен жанып кеткен. Оқиғадан кейін жергілікті әкімдік баспана қалпына келтірілетінін мәлімдеген болатын. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, уәде орындалмағаны белгілі болды, деп хабарлайды janabastau.kz Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі бұл мәселеге қатысты жауап беріп, аудандық бюджетте Қаржаубай Нұрымовтың (марқұм Шерзат Болаттың туысы) үйін жөндеуге немесе жаңа баспана салуға қаражат қарастырылмағанын ашық айтты. Бұл ақпарат "За нами выехали" Telegram арнасы арқылы жарияланды.

«Қазіргі уақытта аудандық бюджетте, өкінішке қарай, өрттен зардап шеккен үйді қалпына келтіруге немесе жаңа баспана салуға қаражат қарастырылмаған», – делінген ресми жауапта.
Соған қарамастан, әкімдік демеушілер тарту мүмкіндігін қарастырып жатқанын, егер қажеттілік дәлелденсе, мәселе қосымша тәртіппен шешілуі мүмкін екенін жеткізді.
Бұдан өзге, әкімдік өкілдері үй иесі тарапынан ресми өтініш – яғни материалдық көмек сұрау, тұрғын үймен қамтамасыз ету немесе мүлікті қалпына келтіру туралы арыз түспегенін де алға тартты.
Еске салайық, 2024 жылғы 12 қазанда таңға жуық Азат ауылындағы үй отқа оранып, толығымен жанып кеткен болатын. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелмеді. Оқиғаға қатысты Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ал Бас прокуратура бұл істі жеке бақылауға алғанын мәлімдеді. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылып, кінәлілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Қазір үйсіз қалған отбасының тағдыры қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Уәде етілген көмектің кейінге шегерілуі көптің көңілінде күмән туғызған.
Оқи отырыңыз

Пікірлер (0)