Шыңғыс Мұқан отставкаға кете ме?
Редакция таңдауы
366
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығы тергеліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, басқарма басшылығы бюджет қаражатын ұрламақ болған, деп хабарлайды malim.kz.
«Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшылығына және ағымдағы жылы өздерінің бақылауындағы фирмаларды қолданып «Аrtsport» платформасы арқылы балалар шығармашылығын жан басына қаржыландыруға бөлінген қаражатты ұрлауды ұйымдастырған басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізуде. Департамент тергеуінде 10 миллион теңге шамасында «Аrtsport» ақпараттық жүйесі арқылы балалар үйірмелерге қатысқандығы туралы жалған мәліметтерді пайдаланған ұрлаудың екі фактісі бар», - делінген антикор таратқан хабарламада.
Үйірмелерге қатысты деп есеп беріп, оған бөлінген ақшаны жымқырмақ болған басқарма басшысы қазір қамауға алынған. 2022 жылға Шымкент қаласына мемлекеттік тапсырыс аясында спорттық салаға 2,3 млрд теңге бөлінген. Осы қаражаттан жырымдамақ болғандарға қатысты қосымша фактілер тексеріліп жатқанын айтады антикор. Сондай-ақ, «өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды».
2019 жылғы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті.
Осы заңға сәйкес, орынбасарлары ұсталса әкім орнынан кетуге тиіс. Ал, басқарма басшылары әкімнің бірінші орынбасарына тікелей бағынады. Демек, басқарма басшысына байланысты тергеу ісі сотқа жетіп, сотта басқарма басшысы жазықты болса, онда қала әкімінің бірінші орынбасары өз еркімен отставкаға кету керек. Балаларды үйірмеге «қатыстырып», ақша жасап жүрген басқарма басшысының кінәсі дәлелденсе Мұрат Әйтеновтің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан отставкаға арыз берер ме екен? Әрине, Қазақстандағы сот прооцесі өте ұзақ жүретінін ескерсек, Шыңғыс Мұқанға әзірге алаңдамай жұмысын істей беруге болады. Тек, басқарма басшыларының есебін іс жүзінде бір тексеріп қойып жүрсе болды.
Мұқан 2020 жылы мектепке ақша беріп орналастыру бойынша моральға толы мәлімдеме жасап, тіпті, пара сұрағанжарды хабарлаңыздар деп телефон номерін де берген.
«Ешкімді қолынан ұстап алмаған соң, мектепке шынында да пара беріп орналаса ма, әлде таңдау әділ жүре ме, ол жағын жауапты басшылардың ар-ұятына қалдырдым. Менің түсінігім бойынша әр басшы ең білікті маманды таңдап алуға мүдделі. Пара алу да, пара беру де – қылмыс. Құқық қорғау органдары мұқият қарап отыруы тиіс. Ал атқарушы органдар не істей алады?» - деп, өзінің жүгін аздап жеңілдетіп те алған.
Өзі «таңдап алған ең білікті маманның» парақорлығына қатысты атқарушы орган не істей алады? Әрине, ең болмаса отставкаға кете алады. Мұндай жағдайда бірінші басшылар жорта айтса да, «егер дәлелденсе, кетуге дайынмын» деп, мәлімдеме жасап жататын. Шыңғыс мырза әзірге үнсіз. Өзі бір сұхбатында «билік кімде болса – жауапкершілік сонда», - деп еді, айнып қалмаса қызметкері үшін жауапкершілік арқалаудан қашпайтын шығар...
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)