Қарқаралы басында...

Редакция таңдауы
view 735
news

Өмірде көрмей, білмей барғың келетін жер болады. Сол жерді көрмей, білмей сағынасың. Бұрын көрмеген жерді адам қалай сағынады? Адам көргенін ғана аңсайтын тіршілік иелерінен өзгешелігі, көрмегенді көңілімен сағынады. Мен үшін сондай аңсарлы жерлердің бірі – қасиетті Қарқаралы. Қазақтың мәдени-рухани мәйегіне қанық адам Қарқаралыны сағынбауы мүмкін емес шығар, сірә. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы», «Қарқаралы басында бір топ арша» әндері... күй абызы Тәттімбет серінің аңызы мен киелі күйлері; Мәди Бәпиұлы кешкен алмағайып тағдыр және оның тағдырлы туындылары; Қарқаралы жерінде өткен тарихи оқиғалар тізбегі; «Абай жолы» романындағы Құнанбайдың Қарқаралысы; Ақжан әл-Машанидың ғылыми-фантастикалық туындыларындағы тағылымды таулы алқап; жазушы Дидар Амантай жазған новеллалардағы Қарқаралының қарағайлы беткейлері т.б осы секілді дүниелерді естіп, оқыған адам Қарқаралыны бір көруге ынтызар болмауы, сол жерді сағынбауы мүмкін емес шығар. «Не құдіреті бар екен?» дейсің, көргің келеді. Көруге аяқ жетпейтін жер болмағанымен, оған баруға деген ниетіңді –  тізгінің тіршілікке шырмалған тұрмыстағы көптеген мағынасыз бірдеңелерге көміліп қала беретіні бар... Сөйтіп, ҚР МСМ Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті Геральдикалық зерттеулер орталы­ғының ұйымдастыруымен, «Тұғырыл хан – Оң хан» корпоративтік қорының демеушілігімен «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» атты мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған  пресс-тур аясында, киелі Қарқаралы жеріне жол түсті. (Геральдикалық зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен «Елдіктің нышаны – ерліктің белгісі» ұлттық рәміздерді ұлықтауға арналған шығармашылық жоба бұған дейін де біршама киелі топыраққа табан тірепті және бұл пресс-тур бұдан кейін де жалғаса бермек). Экспедиция құрамында мемлекеттік Елтаңбаның авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібеков, Геральдикалық зерттеулер орталығының басшысы Асылбек Баяжұма, тарихшы меценат Нұржан Игібаев, тарихшы Бақытхан Солтанбай және бір топ журналистер Қарқаралыға шықтық. Көптен аңсаған көрікті мекен көзге оттай басылады, құдды туған жерің сынды ыстық. Алыстан Қарқаралы таулары мен мұндалайды. Қарқаралы ауданының кіреберісінен алдыңнан бір әже шығады екен. Бұл – қасиетті Қарқабат ана. Дәл ол кісінің өзі емес, ескерткіші. Қарқабат ананың мейірлі бейнесі де көзге жылы ұшырайды. Осы жерде Қарқаралы ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы да жылы қарсы алды. Сапар басы Қарқаралы ауданының әкімдігінде шағын форуммен басталды. Форумға аудан әкімі Ерлан Құсайын мырза өзі қатысып, экспедиция мүшелеріне қаланың тыныс-тіршілігін тілге тиек ете келе Қарқаралы тарихынынан мол мағлұматтар берді. Сөз ретінде, қаладан делегацияны бастап барған Геральдикалық зерттеу орталығының директоры Асылбек Баяжұмаұлы да кең көсіліп, келісті сөз сөйледі. Әсіресе, кейінгі жылдарда ғана қолға алына бастаған геральдикалық зерттеулер  жайлы біраз мәселенің шетін шығарды. Рас, бұл сала біздің елде біраз кешеулдеп қалған еді. Тарихтың бір – сыры көне таңбалар. Таңба дегеніңіздің өзі жатқан бір ғылым екені даусыз. Осы төңірегінде және оның идеологиялық маңызын Асылбек ағамыз ашып айтып, айызымызды қандырды. Пресс-турдың бір мақсаты – 30 жылдық тарихы бар ұлттық нышандарды насихаттау екен. Осыған орай, елтаңба авторы, профессор Жанбарбек Мәлібеков ақсақал әкім Ерлан Бейсембайұлына елтаңба төсбелгісін сыйға тартты. «Сыйға сый, сыраға бал» деген әкім де қарап қалмай, арнайы атбасын бұрған Жандарбек ақсақалға қазақы жол-жора бойынша иығына шапан жапты. Сондай-ақ, ол осындай белгілі тұлғаның Қарқаралы жеріне қадірлі қонақ болып келгеніне ризашылғын білдірді. Бұдан кейін Қарқаралы жеріндегі аға сұлтан Құнанбай қажы Өскенбаев салдырған тарихи мешітке барып, зиярат еттік. 1850 жылдары салына бастаған көне мешіт біршама реставрациялық жұмыспен бізге жеткені байқалады. (Мешіт жайлы толыққанды деректер итернетте толып тұр). Сол секілді Қарқаралы жеріндегі тағы бір тарихи орын – Абай атамыздың қонып жүретін үйі екен. Бұл үй – татар көпесі Халиолла Бекметовтің үйі. Қарқаралы уезд орталығы болып тұрған тұста Құнанбай жұмыс бабымен Қарқаралыда жиі болады. Келген сайын бала Абайды да ертіп әкеліп жүреді-міс.  Сол кездегі сәулетті ағаш үйде әкелі-балалы Құнанбай мен Абай түсіп, демалатын, іс жүргізетін арнайы бөлмелері болған деседі. Бөлмесі көп, төбесі биік ғимараттың салтанаты да өзгеше. Әрі сол кезде қабырғаға жапсарлас салынған ұзынша келген домалақ голланд темір пештері әлі күнге дейін сақтаулы. Бажайлап қарасақ, жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясында бұл үй туралы «Құнанбай кішкене қаланың тап ортасындағы көк шатырлы, үлкен ағаш үйді жатақ еткен», – деп жазған екен. Сонымен қатар, 1905 жылы он төрт мың адам қол қойған «Қарқаралы петициясы» осы үйде жазылғаны және Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаш көсемдері осы үйде бас қосып, келелі кеңес құрғаны да айтылады. Әсіресе, сол кездегі жағдайға орай салынған ғимарат ішіндегі голланд пеші, тарихтан сыр шертеді. Осы пеш Абай атамызға алыстан шаршап тоңып келгенде жылу берді ғой деген ойдың өзі адамға жылу береді. Бұл пешті сөз етіп отырған себебім – дәл осындай пешті Жидебайдағы Абайдың үйінен де көргенім есіме түсті. Ал келесі жер – Қарқаралы өңіріндегі тарихтың «сынықтары» – «Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі». Ондағы тарихи жәдігерлер жайлы айтып таусу және одан алған әсерді жазып жеткізу мүмкін емес. Ең абзалы – оны көзбен көріп, көңілге түю. Музейден кейінгі көрген жерлер тіпті қызықты болды. Жол басшы –Қарқаралы ауданы әкімнің орын­басары Сайлау Әбиұлы. Бұл кісі де өлкетанушы-тарихшыға жетеқабыл басшы болып шықты. Қарқаралы маңнан көп ұзамай-ақ көне қорымдарға жеттік. Мұрты бұзылмаған мұртты қалалар бар сырын ішіне бүгіп, бүк түсіп жатыр. Былай қарасаң бір топ үйілген тас қорым болуы мүмкін, алайда бізден бұрын мыңдаған, бәлкім миллондаған жыл бұрын өмір сүрген адамзат тарихының сынықтары. Топырақ басып, шөп өсіп кеткен сынтастар мен балбал тастар... Бір балбал тасты советтік заманда құлатып кетсе керек, көбі қисайып қалған, жауын жеп біршама бедерлері эрозияға ұшыраған. Әупірімдеп оны да тұрғызып, еңсесін көтеріп, тұғырына қондырып кеттік. Әттең, шіркін қаншама археологиялық жұмыс, тусырылып даламызда шашылып жатыр. Зерттейтін ғалымдар жоқ па, әлде олар іздемей ме ол жағын білмедік... Көптен көрсем деп көксеген қасиетіңнен айналайын Қарқаралы... Бірер бәкене белестеріне шығып Қарқаралы жерінің алыс қырларына қызыға көз тастадық. «Ақын болмай тасың болсам мен егер» деген Қасымның сөзі еріксіз есіңе түседі. Қарқаралы басына шықпасақ та, бір дөңіне шықсаң бойың сергіп, рухың өсіп, жүнің тірілгендей болады екен. Қарқаралы тауларының қойнауына асығып күн де ұясына қисайып барады. Біз де қайтар жолымызға түстік. Қарқаралы тауларымен мың жылғы ұйқысынан оянған балбалтастардың жүрегі бүлк еткендей артымызда қол бұлғап қала берді...  

Қосшы – Нұр-Сұлтан – Қарқаралы

ҚЖО мүшесі, жазушы-журналист

Бақытбек ҚАДЫР

Фотограф Қанат МЫҢБАЕВ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *