«Сондағы Ресейдің 20 млн рублі үшін бе?»: Мәжіліс депутаты Киркоров дауына қатысты пікір білдірді
Фотоколлаж: Janabastau.kz
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов ресейлік әнші Филипп Киркоровқа қатысты дауға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Айта кетсек, сын ресейлік әншіге НТВ арнасында көрсетілген «Звезды» атты юмористік шоу аяқталғаннан кейін күшейе түскен болатын. Жобада Қазақстан атынан КВН-нен танылған «Астана» командасы өнер көрсетті. Топ капитаны – әнші Анатолий Цой. Қазақстандық команда финалға дейін жетіп, соңғы кезеңде комик Иван Абрамовтың «Команда мечты» тобымен тең ұпай жинады. Екі команда да 22 баллдан еншіледі. Алайда жеңімпазды анықтау қазылар алқасының мүшесі Филипп Киркоровтың шешіміне байланысты болды. Ол шешуші сәтте Абрамов командасына 6 балл беріп, «Астана» командасына 3 балл ғана қойған. Нәтижесінде қарсылас команда жеңіске жетіп, жобаның басты жүлдесі – 20 миллион рубльді иеленді.
Осы шешімнен кейін қазақстандық желі қолданушылары Киркоровтың әрекетін әділетсіз деп бағалап, әлеуметтік желілерде қызу сынға алды. Аталған жағдайға байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қоғамда көтерілген дау-дамайға салқынқандылықпен қарауға шақырды.
Сондағы Ресейдің 20 миллион рублі үшін бе, «әйгілі» Киркоровқа қазақ жігіттері «ұнамай», құшағына сыймай қалдық деп күйіп-пісіп, шашын «жұлып» отырғанымыз? Обал жоқ! – деді депутат.
Пікірлер (0)