«Жаңа жыл біздің мереке емес»: Тарихшы қазақтарды көрсеқызар халыққа теңеді
Фотосурет: видиодан скриншот
Тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші Qasqa Jol YouTube-арнасына берген сұхбатында қазіргі қазақ қоғамына қатысты өткір пікір білдірді. Ол жаңа жылды тойлау дәстүрі қазақ болмысына жат екенін айтып, қоғамдағы бірқатар құбылыстарды қатаң сынға алды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Тарихшының айтуынша, қазақ халқы ешқашан екіұшты, бұлдыр сөйлеген емес.
Қазақ майдан қыл суырғандай нық сөйлеген, тура айтқан. “Жаным, күнім” деп айналып-толғанғанды түсінбеген» – дейді ол.
Жұмамұрат Шәмші жаңа жыл мерекесінің түп-төркінін Еуропамен байланыстырып, бұл дәстүрдің қазақ қоғамына сырттан келгенін алға тартты. Оның сөзінше, жыл сайын түн бойы ішіп-жеп, отшашу атып, даңғаза тойлау – ұлттық болмысқа сай келмейді.
Түнімен ырду-дырдулап, таң атқанша тойлайтын халықты қазақтан басқа көрмедім. Қасиетті Құранда “қоғам не қаласа, соны жібереміз” делінген. Біз өзіміз апатты шақырып жатқандаймыз. Отшашудың дауысының өзі шошытады. Қытайды байытып жатырмыз. Неткен көрсеқызар халыққа айналдық? Жүрегің ауырады», – деді ол.
Сондай-ақ тарихшы Қазақстанның қазіргі күйін ауыр теңеумен сипаттады.
«Өкпелегеннің өкпесі түссін, бірақ ақиқаты осы – ел жындыханаға айналып бара жатқандай», – деп ашық айтты.
Ол «крещенский мороз» дәстүрін де сынға алып, суық суға түсу қазақтың физиологиясына сай келмейтінін жеткізді.
«Орыстармен жағаласып, дайындықсыз мұздай суға сүңгиміз. Бұл қаншалықты дұрыс?», – дейді ол.
Жұмамұрат Шәмшінің пікірінше, Григориан күнтізбесіндегі жаңа жыл – қазақтың мерекесі емес.
«Біздің нағыз жаңа жыл – күн мен түн теңесетін Ұлыстың ұлы күні, 22 наурыз. Табиғат оянып, адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, шынайы мейрамды сол кезде тойлаған», – деді тарихшы.
Сонымен қатар ол қазіргі той мәдениетіне де көңілі толмайтынын жасырмады.
«Қыздардың ашық-шашық билеуі – масқара. Қазақтың тойы емес, жын-шайтанның жиыны секілді. Асабалар аздап кітап оқып, мәдениетті болса екен», – деп түйіндеді ол.
Пікірлер (0)