СҚО-да әйелін азаптап, оның ішкиімін киген жігіт жеңіл жазамен құтылды
Фотосурет: видеодан скриншот
Петропавлда әйелін ұрып-соққан және өзінің әйелдердің ішкиімімен түскен оғаш видеоларын жариялаған ер адамға бір жыл бойы зайыбы мен балаларының келісімінсіз олармен бірге тұруға тыйым салынды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«НеМолчи.kz» қорының мәліметінше, жәбірленушіні күйеуі бірнеше жыл бойы азаптап, соның салдарынан әйел мүгедек болып қалған. Қор қызметкерлері ер адамның әлеуметтік желіге жүктеген видеоларынан скриншоттар да жариялаған. Онда ол әйелдердің ішкі киімінде көрінеді.
Осыдан кейін жәбірленуші анасының үйіне қашып кеткен, ал кәмелетке толмаған бала 5 әкесімен қалған. Содан кейін полиция қызметкерлері мен қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары отбасының тұрғылықты жеріне барды. Әйелдің арызы бойынша отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқыққа қарсы іс-әрекеттер үшін әкімшілік іс қозғалды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ер адамға қатысты істі қараған. Ол Әкімшілік кодекстің 73-бабы 1-бөлігі бойынша («Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста бірге тұратын адамға құрметсіздік білдіру әрекеті») жауапкершілікке тартылған.
2025 жылғы 3 қарашада құқықбұзушы үйінде жанжал шығарып, бірге тұратын зайыбының тыныштығын бұзған, оған балағат сөздер айтқан. Бұл – қылмыстық сипатта емес, бірақ отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынасқа құрметсіздік көрсететін әрекет, – делінген сот қаулысында.
Ер адам өз кінәсін толық мойындаған. Жәбірленуші жағдайды растады және күйеуін жауапкершілікке тартуды сұрады. Татуласу болмаған.
Сот азаматты 5 тәулікке әкімшілік қамауға алуды және бірқатар ерекше талап енгізуді ұйғарды.
Петропавл қаласы полиция басқармасының ерекше талаптар белгілеу туралы өтініші жартылай қанағаттандырылсын. Құқықбұзушыға 12 ай мерзімге жәбірленушінің еркіне қарсы оны іздеуге, қудалауға, баруына, ауызша немесе телефон арқылы сөйлесуге, өзге де тәсілдермен байланыс орнатуға, соның ішінде кәмелетке толмаған және әрекетке қабілетсіз отбасы мүшелеріне қатысты тыйым салынсын. Сондай-ақ ол тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарда психологиялық көмек алуға тиіс, – делінген қаулыда.
Қаулы жарияланған сәттен бастап күшіне енді.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті Tengrinews.kz тілшісіне ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
38 жастағы Петропавл тұрғынының соққыға жығылу туралы арызы бойынша полиция жан-жақты тексеруді жалғастырып отыр. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар материалдар кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды, – деді СҚО ПД басшысының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиев.
Сондай-ақ ол жағдайдың полиция мен қорғаншылық органдарының бақылауында екенін айтты.
Әйел мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шара толық көлемде қабылданды. Қазір балалар анасы мен әжесінің қасында, – деді Асқар Мұхаметқалиев.
Полиция бұл жағдайға дейін жәбірленуші тарапынан ешқандай арыз түспегенін атап өтті және мұндай фактілер бойынша 102 нөміріне бірден хабарлау қажеттігін еске салды. Сондай-ақ әйелдер мен балаларға қатысты зорлық фактілері бойынша республикалық 111 сенім телефоны жұмыс істейді.
Айта кетейік, ҚР ҚК-нің 109-1-бабы («Соққы») бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында айыпталушыға ірі айыппұлдан бастап, 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Пікірлер (0)