Трамп Эпштейн ісін қайта тергеуді талап етті
Фото: washingtontimes.com
АҚШ президенті Дональд Трамп марқұм қаржыгер Джеффри Эпштейннің Демократиялық партияға жақын саясаткерлермен байланысын қайта тексеруді сұрайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол 14 қарашада Truth Social желісінде жазды.
Трамптың айтуынша, ол Бас прокурор Пэм Бонди мен Әділет министрлігіне, сондай-ақ ФБР-ге Эпштейннің Билл Клинтон, Ларри Саммерс, Рид Хоффман, Chase, J.P. Morgan және басқа да тұлғалармен байланысын зерттеуді сұрап жүгінбек.
Оның сөзінше, құжаттар бұл адамдардың Эпштейнмен және оның «аралында» көп уақыт өткізгенін көрсетеді.
Ларри Саммерс – АҚШ-тың бұрынғы Қаржы министрі, ал Рид Хоффман — LinkedIn компаниясының негізін қалаушылардың бірі.
Бұған дейін АҚШ Өкілдер палатасының Демократиялық партия мүшелері Эпштейннің үш хатын жариялаған еді. Онда Трамптың Эпштейн ісінен хабардар болғаны көрінеді. Хаттар қаржыгердің мұрагерлерінен алынған.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт демократтардың бұл қадамын «Трамптың жетістіктерінен назарды басқа жаққа бұру әрекеті» деп атады. Ал Трамп бұл жарияланымды «алдау» деп сипаттап, қарсыластарының саяси маневрі екенін айтты.
Трамп сайлау кампаниясы кезінде Эпштейн ісіне қатысты материалдарды құпиядан шығаратынын уәде еткен.
Айта кетейік, Джеффри Эпштейн 2019 жылы кәмелетке толмаған қыздарды сексуалды қанауға тартты деген айыппен ұсталған. Тергеу мәліметінше, 2002–2005 жылдары ол жасөспірімдерді өзінің үйлеріне шақырып, зорлық көрсеткен және ақша төлеп, басқа қыздарды әкелуге мәжбүрлеген. Ұсталғаннан кейін бір айдан соң Эпштейн тергеу абақтысында қайтыс болды. Ресми нұсқа — суицид.
Пікірлер (0)