Шымкенттегі қайғылы жағдайдан кейін әкім қызметінен кетті
Сурет: Ашық дереккөзден
Шымкентте алты жасар бала шұңқырдағы суға құлап қаза тапқан қайғылы оқиғадан кейін әкімдік тарапынан бірнеше лауазымды тұлғаға тәртіптік шаралар қабылданды, - деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Massaget.kz -ке сілтеме жасап.
Оқиға биыл 12 сәуірде Қаратау ауданының Тұран шағынауданында болған. №10 көшеде бала су жиналып қалған шұңқырға құлап кетіп, көз жұмған.
Қайғылы жағдайға байланысты Шымкент әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым саласына жетекшілік ететін орынбасарына сөгіс жарияланды. Энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысына қатаң сөгіс берілді. Қаратау ауданының әкімі Рахманбек Мүлкеманов қызметінен босатылды.

"Мүлкемановтың қызметтен босатылуына бұған дейін жұмысында анықталған олқылықтар мен осы қайғылы оқиға негіз болды. Бұл жағдай кадрлық шешім қабылдауға соңғы себеп болды", – деп жазылған Шымкент әкімдігі хабарламасында.
Шымкент әкімдігі мәліметінше, абаттандыру және күтіп-ұстауға жауапты мердігер ұйымдардың басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталған соң іс материалдары сотқа жолданады.
Әкімдік өкілі әрбір кінәлі тұлға жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
Оқиға 12 сәуірде Тұран-1 шағынауданында болған. Алты жастағы бала шамамен сағат 17:00-де серуендеуге шыққан, содан кейін үйіне оралмаған. Ата-анасы оны бірден іздеуге кіріскен.
Бала шамамен сағат 22:00-де тереңдігі екі метр шамасындағы су толы шұңқырдан табылған. Мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазір тексеріс жүріп жатыр.
Пікірлер (0)