Тегін әрі ыңғайлы: Ақмола облысындағы мектептер «BilimClass» платформасына көшті
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметінен
Ақмола облысындағы мектептер осы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап, Қазақстан Республикасында әзірленген және білім беру ұйымдары үшін толықтай тегін «BilimClass» отандық цифрлық білім беру платформасына көше бастайды. Бұл туралы Ақмола облысының білім басқармасы Ақмола өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Қадыров брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Оның айтуынша, «BilimClass» платформасы мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар үшін көпфункционалды қызметтерді ұсынады. Платформа білім беру және әкімшілік процестерді автоматтандыруды қамтамасыз етіп, электронды журналдар мен күнделіктерді жүргізу, интерактивті сабақтар өткізу, сондай-ақ ТЖБ/БЖБ сынақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, оқушылар мен ата-аналар бағаларды, кестені, үй тапсырмаларын көріп, қажет болған жағдайда онлайн сабақтарға қатыса алады. Ата-аналар мен оқушыларға мобильді қосымша тегін ұсынылады. Бұл қосымша оқушылардың бағаларын, оқу кестесін және үй тапсырмаларын қадағалауға мүмкіндік береді. Оған қоса, оқушылардың жетістіктері үшін кешбек жүйесі қарастырылған.
«Бұл «BilimClass» платформасы заманауи және ыңғайлы интерфейске ие, сонымен қатар, жарнамалық материалдардан бос. Платформа мемлекеттік деректер базаларымен толық интеграцияланған, бұл деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 2021 жылдың 5 қарашасындағы № KZ50VQQ00041147 ақпараттық қауіпсіздік бойынша сынақ актісі аясында оқушылар мен педагогтардың жеке деректерін сақтау мүмкіндігі қамтамасыз етілген», - деді Бағдат Қадыров .
Айтуынша, 2017 жылдан бері Ақмола облысының мектептері «Kundelik.kz» электронды журналдар мен күнделіктер жүйесін пайдаланған болатын. Алайда, «BilimClass» платформасына көшу аясында жаңа мүмкіндіктер мен артықшылықтар ұсынылады. Атап айтқанда, Ақмола облысының білім беру ұйымдарына BilimLand, iTest және iMektep модулдеріне тегін қолжетімділік беріледі. Бұл өзгеріс жыл сайын облыс бойынша шамамен 154 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Мектептердің «BilimClass» платформасына көшу кезең-кезеңімен, үшінші тоқсан бойы жүзеге асырылмақ. Бұл көшу мұғалімдерге ешқандай қосымша жүктеме салмайды. Барлық мектептер кезең-кезеңімен платформаны меңгеріп, пайдалану жолдары туралы арнайы оқулар мен нұсқаулықтар алады», - деп толықтырды ол.
Ақмола облысында мектептер үшін «BilimClass» платформасына көшу білім беру сапасын арттыруға және заманауи технологияларды тиімді пайдалану үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады. Платформаның тегін әрі тиімді болуы облыс бюджетін үнемдеуге де көмектеседі. Ақмола облысының білім басқармасы бұл өзгерістің білім беру процесін жеңілдетіп, оқушылар мен мұғалімдер үшін жаңа кезеңге жол ашатынына сенімді.
Пікірлер (0)