«Тіліміз бай деп мақтанамыз»: Атақты академик қазақ тілі қазіргі заманға жарамсыз екенін айтты

Жаңалықтар
view 141
news

Фото: Ақорда

Танымал академик Асқар Жұмаділдаев қазақ тілінің қазіргі заман талаптарына толық сай келмейтінін айтып, тілдің қолданыс аясын сынға алды. Оның айтуынша, қазақ тілі тарихи тұрғыда көркемдікке, ауызша дәстүрге көбірек бейімделгенімен, бүгінгі прагматикалық, ғылыми және технологиялық ортада тиімді құрал бола алмай отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Todayinfo.kz-ке сілтеме жасап.

Тіл – ең алдымен құрал. Бізде тіл көбіне әдемілеп айтуға, ән айтуға, ертегі мен аңыз айтуға, бата беруге бағытталған. Бұлар – жаттанды, көркем дүниелер. Бірақ тілдің басты мақсаты – нақты ақпарат беру. Барлық заманда солай болған. Әйтпесе тілді не үшін үйренеді? Бата беру үшін емес, пайдалы кәсіп ету, нан табу үшін үйренеді, – деді ол.

Академиктің пікірінше, күнделікті өмірде де тілдің функционалдығы бірінші орында тұруы керек.

Сіз дүкенге барғанда мақал айтып тұрмайсыз, қажет затыңызды сұрайсыз. Ғылымда да солай: бір ұғымға бір ғана сөз сәйкес келуі тиіс. Ал бір ұғымға бірнеше сөздің сәйкес келуін біз “тілдің байлығы” деп мақтан етеміз. Негізінде, ондай байлықтың ғылым үшін пайдасы шамалы», – деді ол.

Оның айтуынша, қазақ тілінде бір мағынаны әртүрлі формада жеткізуге бейімділік бар және бұл құбылыс кейде артық күрделілікке әкеледі.

Қазақ тілінде бір сөзді мың құбылтып айту бар, сонымен мақтанамыз. Тіпті осы тақырыпта диссертация қорғайды. Бір жағынан, мұны жоққа да шығара алмайсың: ата-бабамыз көшпелі өмір сүрген, ауызша мәдениет басым болған. Бірақ ол бүгінгі заманда толыққанды қолданыста емес, – деді академик.

Сондай-ақ ол қазақ тілінде қазіргі өмірде қолданылмайтын, мағынасы көмескі немесе қажетсіз сөздер өте көп екенін атап өтті.

Қазақ тілі өте бай, бірақ мойындауымыз керек – тілімізде керек емес, бүгінгі қолданыстан қалған сөздер өте көп. Ондай байлықтың бізге нақты қандай пайдасы бар? – деді ол.

Бұл пікір қоғамда екіұшты реакция тудыруы мүмкін. Бір тарап мұны тілдің ғылым мен технологияға бейімделу қажеттілігі ретінде қабылдаса, екінші тарап ұлттық тілдің көркемдігі мен тарихи қабатын жоққа шығару деп бағалауы ықтимал.

Академиктің бұл мәлімдемесі қазақ тілінің дамуы, оны заман талабына сай жаңғырту, ғылыми және іскерлік тіл ретінде қалыптастыру мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *