Толымбек Әбдірайым. Текетірес (балаларға арналған әңгіме)

Руханият
view 281
news

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан

«Бөспелік – өмірде орын теппеген игілікті

 сыртынан иемдену».

Теофраст.

 

Қаладан жас мұғалім қыздың жұмысқа келгенін, қасында сегізінші сыныпта оқитын, өзінен аумай қалған бауыры барын ауыл балалары әлдеқашан естіп білген. Қыздар жағы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Нұрлыбекті мақтайды. Қапанға салса сол ұлды, тіпті де суқаны сүймейді. «Несіне көтермелейді? Артықшылығы жақсы оқитыны, тап-тұйнақтай жүретін тәртіптілігінен шығар. Келе сала ішкі сырын ақтарып, мінезін көрсетіп, жайып сала қоймас! Тегінде, үндемей жүрген адамнан үйдей пәле шығады деп бекер айтпаса керек. Тағы нендей ерекшелігі бар?! А-а, таптым-м!.. Городской екен ғой!.. Қалалық болса қайтейін?!. Тіфу, пысқырдым? Бойшаңдау демесең, сидаң. Соған қарағанда, ішкен тамағы жұқпайды-ау, сірә? Бір ұрғанымнан қалмас! Үлкендерді түсініп болмайсыз. Мектеп директоры мен мұғалім атаулыға тіл алғыш, ұқыпты, мәдениетті оқушылар ұнайды білем. Өзі белсенді. Келмей жатып сыныпқа төраға бола ма, әйтпесе? Жә, онда тұрған ештеңе жоқ? Старыста қылып сайласа, апайы үшін шығар... Жаңадан келген ұстаз қыздың мектеп директорымен жекжаттығы бар болуы мүмкін... Біреуден естіді ме, иә, иә құлағы шалған... Мына мені старыста етіп сайласа бар ғой, шырқ үйірмеймін бе сыныпты?!. Тас жарған талантымды, ұйымдастырғыш дара дарынымды, кім біліп жатыр дейсің, а?!. Тұра тұрыңдар!.. Дәлелдеймін бәрін!.. Көкең ешқашан асықпайды!.. Айды аспанға шығармасам, Қапан деген атымды өзгеше қойыңдар! Вот так-к!..»

Рәзиға, үйдесің бе?

Оқыстан шыққан дауысқа елең еткен қара бала әдемі қиялының бөлініп кеткеніне опынды. «Гүр-гүр етіп, дауысы қандай ащы!..» Мектепте қарауыл болып істейтін көрші Кенжетай кемпірге жақтырмай қараған. «Тәтем екеуі енді өсекті сапырады десеңші?!..»

Көрші-ау, не есіткенің бар?

Сен дейсің бе, екі қолың алдыңа сыймай жүрген. Қырмандағы қат-қабат жұмыстан кеше ғана бел жаздық. Бітік шықты-ау, астық! Пай-пай, ана шаруа қожалығының адамдары жырғап қалды, бір. Былайғы жұртқа да жаман бола қоймас!.. Осы ауылдың үштен бірінің пайы бар емес пе, пермер Жәнібекте!

  Аллаға шүкір, дейік... Бірақ отағасы, біздің үйге тиесілі жер үлесін Кәрібайдың қожалығына қосқан.

  Қай Кәрібай?

Ана ұзын бойлы, көсе жігіт ше?

Дәуқараның жігіті ме? 

Дәл өзі.

Е-е, олардың да жағдайлары көш ілгері шығар... Бәрі де Жаратушының нәсібі!.. Мойкен молла айтқандай, құдайсыз қурай сына ма?.. Әңгіме – бұзау емізер!.. Қой шәй демдейін... – Алпыстан асқан, сыптығыр денелі қара торы әйел екі-үш ұмсынып орнынан созалаңдай тұрған. – Мектебіңде не өзгеріс? Айта отыр.

Бірінші тоқсанды орталадық... дей берген көрші кемпір қапелімде: -Кө-те-ек! – деді ыршып түсіп. – Ана жерде  бірдеңе жыбырлай ма, немене? Қара көлеңкеде жөнді көрінбейді.

Әлгі ұл дағы...

И-й, қағыңғыр-ай! Зәре-құтымды ұшырғанын қарашы! Қой күзеткен бе? Тапа-тал түсте ұйықтағаны несі?!

– Кеше сынып жетекшісі шақырған соң барсам, баяғы Қапанның жыры. Бұзатер, сабағы нашар, онымен қоймай топ құрап ауылдың бақшасына түскен бе, білмеймін... Келе сала екі аяғын бір етікке тығайын... Түзелуге бет бұрған түрі...

– Содан екен ғой жатқаны. 

– Ие... Бұл уақытта үйде отырушы ма еді? Әй, өзі де оқып жарытпас! Тоғызды бітірсе, колледжге түсірем деп отыр әкесі. 

«Соны да әңгіме ғып!.. Коллежі бар болсын!.. Оқымасам, оқымай-ақ қойдым!.. – Қапанның жыны келді. – Көршіге неменеге айтады? Мені жөнге салатын адам сол ма?!.»

– Ибай-ау, басты жаңалықты айтпаппын. Әлгі жаңадан келген мұғалім қыздың бауыры өте ширақ бала көрінеді.

– Оны қайдан біле қойдың?

Жұрт айтып жүр...

– Бауырын неге ертті екен?

– Мұғалім қыздың анасы алдыңғы жылы қайтыс болыпты. Әкесі әйелінің жылы өткесін үйленген көрінеді. Өгей шеше қытымырлау адам екен. Үш баласы бар екен еріп келген... 

– Е-е, түсінікті!.. Топты бала-шаға десеңші?! Әне-е, қыз баланың жанашырлығы! Ұл – түтінге, қыз – күтімге, деген сөз дәбі рас. 

– Болатын бала боғынан... Өзі өнерлі. Жиенғазының сары қызы екеуі ән айтады екен әуелім... 

Өсек-аяңның  осы тұсына келгенде Қапан тұрып кетті. Қаны қайнап, ызасы шықты. Көз алдына жанары жәудіреген Жиенғазының қызы Баршагүлдің сүйкімді жүзі елестеді. Ана белсенді төраға екеуінің мектеп сахнасында ән айтып тұрғанын бұл да көрген. Ертеңіне екеуінің жұптары жарасып бірге кетіп бара жатқанын да байқаған. «Оны бүйтіп тайраңдатып жіберуге болмас!.. Мұғалімнің бауыры түгіл, кім босаң да көріп алдым!..» 

 

***

Нұрлыбек сабақтан шығып үйреншікті жолымен үйге келе жатқан. Таңертең ұйықтап қалып кеш тұрғандықтан шәй ішпей шығып еді, қарны шұр-шұр етеді. Көше айнала бергенінде:

– Әй, тоқта! – деген зілді дауыс естілді.

Анадай жерде – бір шоғыр ағаш түбінде жеті-сегіз бала топталып, бұған қарап тұр. Ішіндегі ересектеуі – шомбал қара Қапанның келемеждеп шақырған түрі. Бұзық ұлдардың атаманы деп естіген.

– Бері кел, жақында!

Жүрегі атқақтай соғып, аузына тығылды. Тұрыстары жаман мыналардың. Бойын бекітіп, жігерленді. Қорықпауы керек! «Азар болса таяқ жермін...» 

– Жолдас төраға! Батыр екенсің ғой, ә? -  Қапан күшін тексеріп, сынаған адамша білегінен, қолынан ұстап-ұстап қойды. – Арық болғанымен шымыр ей, өзі? Анау-мынау жігітті шоңқайтып кетерлік қауқары бар сияқты. Бәсе-бәсе!.. Қыздарға қырғиша тиіп жүргені содан екен ғой!

– Осал емес!

– Сері ғой!..

Иә...

Балалар дарақылана ду күлді. Ілмиген қорқақ Есен де қолын шапалақтап, мәз.

Короче, былай төраға жолдас! – Қапан қабағын түйіп, бәлсінді. – Ана тұрған Тәпенмен қазір төбелесесің. Жеңсең, топқа қосамыз. Жеңілсең, өз обалың өзіңе!

«Бәсе-е!.. Бекерден бекер жиналмаған екен!..»

Тәштек Тәпен қалпағын теріс қарата киді де, ойқастап ортаға шықты. Аяғында бұзаубас қара бәтеңке. Қара шалбар, қара футболка. Төбелеске ыңғайлы киініпті. Бұның аяғында қоңыр төпли. Жаңа кәстөм-шалбар. Кеше ғана үтіктеген ақ жейде. Шалбарының қыры да сынбаған.

Шындаса Тәпеннен жеңіле қоймас. Бірақ мына бұзық топтың мысы басып бара жатқандай. Кенет, Тәпен жүгіріп келіп теппекші болып секірген. Жалтара берген Нұрлыбектің аяғы әлденеге шалынды ма, құлап түсті. Орнынан тұрғанша Тәпен шапшаңдата екі-үш рет теуіп өтті. Оң бүйірі удай ашып жүре берді де, бұратылып шөкелей отыра қалған. Тағы да сарт та сұрт соғылған жұдырықтан басын көтере алсашы.

Тәмәм-тәмәм! Төраға таза жеңілді!  - деді төреші Тоқтар.

Нұрлыбектің аузынан жылымшы бірдеңе ақты. Қараса қан!.. 

Бұзақы топ Тәпеннің жеңісін жарыса мақтап, қолпаштап айқайлай сөйлеп ұзай берді. Намыстан өртене жаздап Нұрлыбек жападан-жалғыз қалған...

Ертеңінде сегізінші сыныптың қыздары өз ара пыш-пыш. Үлкен үзіліс кезінде дәлізге шықпай, бұрышта жинала қалыпты. Баршагүл тақау келгенде әңгіме ауанын өзгертіп, басқа тақырыпқа ауысты. Бұған бәрі сынап-мінеп қарайтындай ма? Не болғанын түсінбей дал. Ақылы айран-асыр. Апырым-ау, құрбылары бүйтіп сыртқа теппейтін. Сырғақтап, қашқақтамайтын. Не жұмбақ, қандай сыр? Дәйім талғаммен әдемі киінетін, өзі сұлу, өзі оқу озаты Баршагүлден қыздар түгілі ұлдар ығысатын. Үйдегі бес ұл арасындағы жалғыз қыз болғандықтан, әке-шешесі бетінен қақпай еркін өсірген. Содан ба мінезі тік, алайда ашық-жарқын. Досқа адал, кейбір қыздардай өсек-аяңға, басы артық әңгімеге әуестігі аз. Қоғамдық жұмыстарға да араласып кететін көпшіл, бауырмал. Әуелетіп ән айтқанын көрсеңіз, құдды кәсіби артист дерсің.

Баршын! – деген дауысқа жалт бұрылған. Құрбысы Гүлайым. Кейде бұны осылай атайтын. – Неғып отырсың? Ойланып кетіпсің ғой...

Жәй... басым ауырып... мазам шығып...

Ұйқың қанбағаннан болар...

Бәлкім.

Сабақтан бірге қайтайықшы, бірдеңе айтамын...

Сен маған ренжіме! – деді Гүлайым мектептен ұзаған соң.

Ренжімеймін... айт... – Деуін десе де, жүрегі қатты дүрсілдеп кетті. «Неге жұмбақтайды бұл қыз?!.» 

Қапан сені қызғанып, Нұрлыбекті Тәпенге соқтырыпты ғой...

Кім айтты? 

Қыздардың бәрі сөйдеп жүр. Мектеп директоры да есітіпті... Таяқ жесе де Нұрлыбек намысқой екен. Қапанның өзін жекпе-жекке шақырыпты. Төбелес-дуель өтетін жер – стадион. Бүгін кешкі 7-де. 

***

Нұрлыбек тықыршып отыр. Асыққанда уақыт өтуші ме еді? Әлгі әзірде ертеңгі сабаққа дайындалмақ ниетпен кітап-дәптерлерін шығарған. Қай-да-а қараған? Миына ештеңе кіретін емес. Тақа болмағасын Мұхтар Әуезовтің «Таңдамалы» деген жинағын алып, «Көксерек» повесіне үңілген.

«Қараадырдың қарағанды сайы елсіз. Айналада қабат-қабат шұбар адырлар. Жақын төбелердің барлығын аласа бозқараған, тобылғы басқан. 

Сай бойында май айының салқын лебі еседі. Бастары көгеріп, бүрленіп қалған қалың қараған жел лебімен сыбдыр-сыбдыр қағып, теңселіп, ырғалып қояды. Маңайдан жуалардың, жас шөптердің исі келеді...»

Шұрайлы тіл, ғажап оқиғалар де тұнжыраған бала жанын баурап әкетпеді. «Қапысыз классика! – деді Нұрлыбек көзін кітаптан ажыратып. – Басқа уақытта, алаңсыз отырып оқитын дүние ғой...»

Тағы да көз алдына кесе-көлденеңдеп, Қапан бастаған кешегі бұзақы балалардың дарақы, мазақ күлкісі келе қалғаны. «Түс оңалмай, іс оңалмайды» - деген тәмсілді бір жерден оқыған болатын. Түнде көрген түсінде де төбелесіп жүр. Бастығырылып, айқайлап оянған...

Иә, ауылдың балалары келімсек, кірме  деп басынады ғой. Әпкесі ауырып, ауруханға түспегенде таяқ жемес еді... Әтте-ең?!. Мұнда неге келді екен? Ол енді, өзге әңгіме... Жә, кім көрінген жұлмалайтын, кеудесінен басатын ынжық емес еді!.. Бөспе Қапанның Баршагүлді сыртынан иемденіп, өлердей ғашық болып жүргенін естіген. Гәп сонда!.. Екеуміздің ән айтқанымызды, бірге жүргенімізді қызғанады. Бұғып үндемей қалсам, су жүрек атанам. Көрерміз кімнің жасық екенін...

Келісілген уақытта стадионға жетсе, ұлдар жиналып қалыпты. Алқақотан тұрған балалар ығысып, ортаны ашты. Төреші – Тоқтар. Қапан шетте тұр. Қасында тапал Тәпен мен қорқақ Есен. Қапанның кигені шолақ жең жейде. Ескі джинси шалбар. Аяғында кроссовка. Ал Нұрлыбек төпли киген болатын.

Жекпе-жек төбелес үш раундтан тұрады, - деді төреші. – Ұрып құлатқанға бір ұпай! Онға дейін санаймын. Тұра алмаса – капут! Жеңілген болып табылады. Жығылған адамды басқа-көзге тебуге тыйым салынады. Дайынсыңдар ма? Ендеше бастаңдар! 

Қапан да, Нұрлыбек те мақұл дегендей бастарын изеді. Төбелес жанкүйерлері артқа шегініп, ортаны кеңірек ашты. Екеуі ашық алаңқай – рингке шыққан. Балалар демдерін іштерінен алып, тым-тырыс тұр. Кім бастар екен? Дәл осы сәтте ту сырттан:

Әй, тоқтаңдар! – деген дауыс естілді. Балалар тегіс бұрылған.  Анадай жерде қараңдап біреу жүгіріп келеді. – Тоқтатыңдар, қанеки! – дейді ышқынып.

Балалар жақын келгенде таныды. Ентігіп, екі иығынан дем алған – Баршагүл!

Бұларың не? Сұмдық қой! – дейді алқынып. – Қапан, сенің бұл ісіңді құптамаймын. Жігіттігіңе сын! Нұрлыбек төраға болса, тәртіпті талап етсе, өзі үшін бе? Өлең жазып, газетке жариялатса, ән шырқаса – өнерге, сұлулыққа құштарлығы емес пе? Екеуміздің бірге ән айтқанымыз, дос болғанымыз әбестік пе? 

Қапан, сенің аузыңнан талай рет келімсек деп Нұрлыбекті кекетіп, мұқатқаныңды естідім. Ондай сөз – ұят! Нұрлыбекті де жақтамаймын! Ақ-қарасын ажыратып алмай, жекпе-жекке шақыруы, жұдырыққа жүгінбек болғаны білгендік емес! Шынын айтсам, мен екеуіңді де жақсы көрем. Қапанның қайраты, Нұрлыбектің намысқойлығы, кімге болса да үлгі-өнеге! Бірақ ондай қажыр-қайрат пен намысты, білім алуға жұмсаған ләзім! Өштесетіндей, біріңді-бірің жек көретіндей дәнеңелерің жоқ. Қане, бәріміздің көзімізше төс қағыстырып, дос болыңдар!

Линейкалар мен жиналыстарда жиі сөйлеп жаттыққан алғыр қыздың айтқаны ақиқат еді. Қып-қызыл төбелесті тамашалауға жиналған балалар үнсіз. Қыздың уәжіне  ешкім үндеген жоқ. 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *