Су перілері және Ханшайым (Ертегі)

Руханият
view 1492
news

Фотосурет okleyka.pro

Ертеде бір алыс өлкеде Ханшайым деген кішкене қыз өмір сүріпті. Ол өте мейірімді де еңбекқор еді. Таңмен таласа тұрып, үй шаруашылығына көмектесетін. Су тасып, үй жинап, кір жуып, тамақ пісіретін. Бірақ, осыншама тірлікті жасаса да өгей әкесіне жақпай қойыпты. Біресе, әкелген суын абайсызда төгіп тастап, керіден суға жұмсайды. Немесе пісірген тамағының тұзы ащы болғанын айтып, қайтадан тамақ пісіртеді. Кейде жинаулы тұрған үйді әдейі қайтадан сыпыртып, тазалататын. Анасының құлағы тыныш болсын деп кішкентай қыз өгей әкенің озбырлығына төзді. Ал, өгей әке күн санап құтыра түсті. Ол мына бір қызға кететін шығынды, яғни, оның киетін киіміне, ішетін тамағына кететін қаржыны ойлап, түнімен әйелінің миын ашытатын:

-       Біздің өз балаларымызды тәрбиелеуіміз керек. Оларды ер жеткізіп, оқытып, өз қолдары өз аузына жетуі үшін жұмыстануымыз керек. Ал, мына бір жексұрын қыз менің балаларымның несібесін ұрлап, күнелтіп жүр,- деген күйеуіне:

-        Оның менің қызым екенін ұмытпа! Ол өзінің ішкен-жегенін толығымен ақтап жүр. Кішкене болса да бар тірлік соның мойнында,- деп уәж айтқан дәрменсіз әйелге жақ аштырмайтын.

Әлгі оңбаған өгей әке қыздың көзін қалай құртатынын жоспарлапты. Сөйтіп, оны кешқұрым суға жұмсапты. Ал, кеш түсіп, ымырт жабылысымен өзен жағасында су перілері сайран салатын. Олар бала-шағасын судың тереңінен алып шығып, жағадағы көкмайсаға рахаттана жататын, аунап-қунап, бір-бірін қытықтап, күлдіріп, мәз болысатын. Түнде суға келген кісілерді әурелеп, есін шығарып, бастарын айналдырып, қуалайтын. Өздерінен қорқып, қашқанына одан сайын мәз болысып, суға сүйрелейтін. Су перілері адамдарға өз зияндарын тигізем деп ойламай, өздерінің қызықтары үшін ғана олармен осылай ойнағанды жандары сүйетін. Көбісінің бұндай сынға жүректері шыдамай, жарылып кететін. Ал, тірі қалғандарының естері ауысып, көздері алақ-жұлақ етіп, сөйлей алмай қор болатын. Сондықтан, ауыл адамдары суға күндіз ғана баратын. Түнге қарай өздері де, балалары да су жағасына қарай аяқтарын баспайтын. Енді міне, Ханшайым амалсыз өгей әкенің қаһарынан қорқып, суға түнде келе жатты. Оған анасы араша түспек болған, озбыр әке оны итеріп жіберді. Анасының құлап алғанын көрген Ханшайым анау жексұрынның оны аямай соққыға жығатынын түсінді, сөйтіп, суға жалғыз баруға тәуекел етті.

Су перілері бұл кезде жағада асыр салуда еді. Олар жағалауға екі шелегімен келе жатқан кішкене қызды көріп, өздеріне ермек табылғанына қуанғанынан алдынан жүгіріп шықты. Бірақ, қыз бір ғажабы олардан қорықпады. Алдынан кес-кестеген бала перілерді итеріп тастап, алға қарай жүре берді.

-         Немене, бізді көрмей тұрмысың? Неге қорқып, қашпайсың? Жүгірмейсің бе?- деген оларға жақ ашпастан су жағасына жетті.

Мынау кішкене қыздың өздерін бұйым құрлы көрмегеніне ызаланған бала перілер оның шелегін алып қашпақ болып еді, тастай етіп ұстаған қолынан жұлып та ала алмады. Шаштары жалбырап, суға түсіп жүрген перінің қыздарының дәл жанынан шелегін батырып, су алды да үйіне беттеді. Қыздың қайғыдан қатып қалған жүзін, тереңінде көл тұнып жатқан мұңды көзін көрген перілер оны мазалауға да жүрексінді.

-        Әкел, шелегіңді көтерісейік,- дегендеріне да қарамастан, үйіне дейін жетті. Ал, жексұрын өгей әке бұл сәтте жеңісін тойлап отырған. Ол өзі жек көретін кішкентай қыздан құтылғанына сенімді еді. Бір кезде есік қағылды.

-         Бұл кім? – деді қызын ойлап уаымдап отырған ана есікке жетіп барып.

-         Апа, мен ғой, Ханшайыммын. Су әкеліп тұрмын. Есікті аш,- деген қызының сөзін естіген байғұс ана қуанғанынан жылап жіберді. Қыз үйге кірді.

-        Бұл қыз тіпті перілерге де керек емес екен,- деді түңілген оңбаған өгей әке. Оның бұл сөзін тыста тұрған перілер естіп қойды. Енді олар кеш болса, жағаға шығып, қыздың үйінің жанына келіп, тың тыңдайтын болды. Өгей әкенің кішкене қыздан құтыла алмай жүргенін де біліп қойды. Су перілері дегенмен, олардың да сезімі, ақыл-есі бар ғой. Оларды негізінен, жаман деп айтуға да келмейтін. Олар да әділдік пен адалдықты, батырлық пен еңбекқорлықты бағалайтын.

Өгей әке болса, тағы бірде қызды түн ішінде оятып, суға жұмсады.  Кішкене қыздың шелегін алып, су жағасына беттегенін көрген перілер оған қалай көмектесуді ақылдасты. Сөйтіп, қыздың жанында келе жатып, шелегіне аса бағалы маржан тас салып жіберді. Қыз үйге келіп, шелектегі суды үйге кіргізген кезде үйдің іші жарқырап кетті. Өгей әке келіп, шелекке үңіліп, түбінде жатқан маржан тасты бас салды.

-        Сен қаншасын тығып тастадың? Қайдан алдың?- деп сұраған жексұрын жауабын да күтпестен екі шелекті алып, суға баруға тәуекел етті. «Мына сұмпайы кішкене қызға асыл маржан тасты берген перілер мен сияқты бойлы, сойлы, сымбатты, атан жілікті жігітті бағалайтын шығар» деп ойлады. Жағаға жақындаған оны әуелі бала перілер қоршап алды. Шелегін жұлып алып, өзін келемеж қылды, итеріп, жығып, қытықтап, мазақ қылып әуреледі...

...Таңертең суға барған әйелдің шыңғырған даусы бүкіл ауылды су жағасына жинады. Ал, онда шашы удар-дудар болып, киімі жыртылған жексұрын өгей әке маржан тасты алақанына салып қарқылдап күліп отырған... Содан кейін оның қайда кеткенін ешкім білмейді.

 

Ардақтым НИЕТҚАЛИЕВА

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *