ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛАНЫ (балаларға арналған өлеңдер)

Руханият
view 276
news

Фото: gov.kz

Кіріспе

Жетіқат Көк астында,

Жетіқат Жер үстінде.

Жеті атаңды жатсынба,

Жақыныңнан тіксінбе.

 

Жеті жұрттың тілін біл,

Жеті түрлі ілім біл.

Жеті жұттың сырын біл,

Жетіліктің құнын біл.

 

Жайнап, ойнап-күлесің,

Жетікүнде – үлесің.

Жаудан қорға еліңді,

Жерің байтақ білесің.

 

Жетпей жатып паңданба,

Жылтыраққа алданба.

Жеті өлшеп, бір рет кес,

Жету үшін арманға.

 

Жақсылыққа жар бол да,

Жамандарға жалданба.

Жеті өнер де аз болар,

Жетіп-өсіп толғанда.

 

Желауызға бас болма,

Жетесізге ДОС болма.

Жеті ырыс – жеті қазынаң,

Жетелеген асқарға.

 

Жеті ғалым секілді,

Жақсылық қыл өтімді.

Жерге басың жеткенше,

Жарылқап өт жетімді.

 

Жоғалпайсың нарқыңды,

Жүрекпен сүй халқыңды.

Жеткен жеті бабаңнан,

Жатырқама салтыңды.

 

Жан иесін қаратқан,

«Жар болсын!» деп Жаратқан,

Жеті шелпек пісіріп,

Жеті үйге таратқан.

 

Жолын ұстап бабаңның,

Жанын түсін ғаламның.

Жеті қырын айтайын,

Жіктеп Ұлы Далаңның!

 

Атқа міну мәдениеті

1.

Ғалам, ғалам, ғаламда,

Жол нұсқаған адамға,

Өркениет басталған,

Сенің Ұлы Далаңда.

 

Адамзаттың есінде,

Ұлы дала төсінде,

Ұлы тарих жазылған,

Ұлы жылдар көшінде,

 

Жер жүзінде бар адам,

Болашаққа қараған.

Көп нәрсені үйренген,

Біздің ұлы бабадан.

 

Тәлім алған әр адам,

Біздің ұлы бабадан.

Жылқы үйрету бірінші,

Біздің елден тараған.

 

2.

Емін-еркін жүргенбіз,

Бәрін ерте білгенбіз.

Арғымақты үйретіп,

Алғаш атқа мінген - біз!

 

Атқа мінсе арысы,

Арқыраған намысы.

Оған куә білесің,

Көне "Ботай" қонысы.

 

Біздің ұлы бабалар,

Батыр болған, балалар.

Кәрі тарих сөйлесе,

Толып жатыр даналар.

 

Айтсам саған әріден,

Мақтанамын әлі мен.

Жылқы үйрету арқылы,

Үстем болған бәрінен.

 

Елдің қамын ойлаған,

Жарқыраған, жайнаған.

Жылқы үйрету арқылы,

Бес қаруын сайлаған.

 

Батыр сарбаз айбарлы,

Жауға салып ойранды,

Ерлікпенен өрліктің,

Мысалына айналды.

 

3.

Таусылмаған жыр-әні,

Асқақ, биік ұраны,

Терең сенің тарихың

Ұлы Дала ұланы.

 

Адамзаттын киімін,

Ең алғашқы бұйымын -

Оғландары осы елдің

Ойлап тапқан сыйы бұл.

 

Әлділермен таласқан,

Әлсіздерге қарасқан.

Атқа мінсе сәнденіп,

Салтанаты жарасқан.

 

Ғасырлардан өтіпті,

Даңқы әлемге жетіпті.

Оғландары осы елдің

Ойлаптапқан етікті.

 

Арға тіккен мал-жанды,

Ұлтың асқа қарманды.

Ойлаптапқан арбаңды,

Ойлап тапқан шалбарды.

 

4.

 Қазақ елің – Алашың,

Елден бақыт табасың.

Бабалардай ақылды,

Сен де ғалым боласың!

 

Жұртпен тауып жарасым,

Ертең өсіп-толасың.

Балабалардай ер жүрек,

Сен де батыр боласың!

 

Аман болса өр елің,

Айналайын, өренім,

Ең алғашқы бір затты,

Ойлап тапшы, сенемін!

 

5.

Балаларым – жарығым,

Үмітісің бәрінің.

Ұлы Дала мұрасын,

Қолданамыз әлі күн.

 

Айналайын, балалар,

Өз тарихын бағалар.

Ұлы дала төсінде,

Болған талай даналар.

 

Сәйгүлігін баптаған,

Босқа қарап жатпаған.

Ешкімді де бөлектеп,

Ешкімді де сатпаған.

 

Әділ болған қасына,

Адал болған досына.

Тұңғыш рет әлемде,

Дулыға киген басына.

 

Ұшқыр жебе ұштаған,

Басынан құс ұшпаған.

Ұлы Дала батыры,

Алғаш қылыш ұстаған.

 

Ойлап тауып садақты,

Жауды өзіне қаратты.

Қарсы келген дұшпанға,

Жебені қардай боратты!

 

Қазбалардан анық-ты,

Зерттеп көрсек табытты.

Ер-тұрман мен үзеңгі,

Алғаш бізде болыпты.

 

Садақ пенен жебені,

Сауыт-сайман, көбені,

Алғаш ойлап тапқынбыз,

Айта берсем көп енді...

 

Ұлы даладағы ежелгі металлургия 

 

1


Айналайын, балалар,

Біздің ұлы бабалар,

Алғаш металл өндіріп,

Салды жаңа қалалар.

 

Әлем бізбен санасты,

Бізге бәрі жарасты.

Темір, болат балқытып,

Адамзатқа жол ашты.

 

Таң қалдырып шет елді,

Еңбегіміз өтелді.

Адамзаттың дамуын,

Бір белеске көтерді.

 

2

 

Қола, мыс пен темірді,

Алғаш тауып көмірді,

Мықты қару жасадық,

Жаулар бізден жеңілді.

 

Жеңілген соң именді,

Семсер, қалқан, сүйменді -

Металлды алғаш қорытуды

Бабалардан үйренді.

 

Қазып алып көмбеден,

Қазба байлықты өңдеген.

Алтын менен күмісті,

Алғаш бабаң зерлеген.

 

Қыздырып ап көрікті,

Аспанға атып бөрікті.

Зергерлік пен зеректік,

Бір басында болыпты.

 

Қамырша темір илеген,

Ағаштан түйін түйген ел.

Сан ғылымды білген соң,

Ешкімге бас имеген.

 

Көк жүзінде самғаған,

Еркін елің – қыраның.

Міне осындай даланың,

Ұрпағысың, шырағым.

 

АҢ СТИЛІ

 

Ата-бабаң, жас адам,

Тасқа таңба қашаған.

Алтын менен күмістен,

Аң бейнесін жасаған.

 

Өнер жолын таңдады,

Ойып жазып таңбаны.

Ұлы Дала ұлдары,

Мүлде жалқау болмады.

 

Босқа жүрмей беталды,

Алғаш қорытып металлды,

Аң бейнесін өрнектеп,

Кіл шеберлер атанды.

 

Сен де шебер бол енді,

Ою ойып көлемді.

Жаман бала болмайсың,

Серік етсең өнерді.

 

2

Күлтегіннің тасында,

Тағдырың тұр, құлыным.

Тамғалының басында,

Бар ғылым тұр, құлыным.

 

Алтай таудың саласы,

Адамзаттың отаны.

Қаратаудай қасқайып,

Ұлтыңа бол опалы.

 

Алатаудың баурайын,

Аралап көр, балапан.

Ұлытаудың қойнауын,

Саралап көр, балапан.

 

Шаңырағың  - киең бұл,

Қайрылып көр, балапан.

Зейін салып зерттесең,

Жайылып тұр алақан.

 

Көзіңмен көр барлығын,

Көркемдіктің мекені  - ол.

Қастерлі бұл өлкенің,

Қасиетіне жете көр.

 

Табиғатпен тілдесіп,

Заманамен үндесіп,

Тартып ұлы бабаңа,

Жүрген жақсы күн кешіп.

 

Мынау Ұлы Далаңда,

Танымал бол ғаламға.

Талай мықты жүр қазір,

Өздеріңнің араңда.

 

Алтын адам

 

1


Жақсыларды жақтаған,

Досын жауға сатпаған.

Жауынгердің киімін,

Алтынменен аптаған,

Бекзат болған балалар,

Біздің Ұлы Далада,

Біздің ұлы бабалар! 

 

Алтын қыны лағылдан,

Алтын кездік тағынған,

Қаһарынан қаймығып,

Бүкіл халық бағынған,

Батыр болған балалар,

Біздің Ұлы Далада, 

Біздіңұлыбабалар!

 

Өркениет биігі,

Өнер шыңы, түйіні.

Төрт мың алтын әшекей,

«Алтын Адам» киімі,

Шебер болған балалар,

Біздің Ұлы Далада,

Біздің ұлы балалар!

 

2

 

Есік қорғаны жанынан.

«Алтын адам» табылған,

Бас киімге тек қана

Жүз елу аң-құс салынған.

Бізге ғана бұйырған,

Қиыстырып қиыннан,

Жүз елу аң-құс алтыннан,

Өрнектеліп құйылған.

 

3

 

Ақиқаттан нәр алған,

Ар-намыстан жаралған.

«Алтын адам» табылған,

Менің Ұлы Даламнан.

 

Шеберлікті қолдаған,

Барын елге арнаған.

«Алтын адам» достарым,

Ешбір елде болмаған.

 

«Алтын Адам» киімі,

Бай дәстүрлі салтыммен,

Барыс, бұлан, таутеке,

Өрнектелген алтынмен!

 

Тамсандырып әлемді,

Өнерменен озғанбыз.

Еуразия жерінде,

Алғаш жазу жазған – біз!

 

Батырларға арналған,

Күміс кесе мол болған.

Кеселерде жазу бар,

«Алтын адам» қолданған.

 

Тылсым, сырлы ғаламның,

Менің Ұлы Даламның,

Зияткерлік дәстүрін,

Білдіреді бабамның!

 

Түркі әлемінің бесігі

1.

 

Алтай, Алтай, өр Алтай,

Ойға алайын, құлыным.

Ана Алтайдан басталған,

Айналайын, бүгінің.

 

Алтай, Алтай болғалы,

Ардақтысың, құлыным.

Айдай сұлу арманы,

Салмақтысың, құлыным.

 

Алтай тауын түркілер,

Мекендеген, құлыным.

Алтай таудай биікке,

Жетем деген, құлыным.

 

Алтай таудың есімі,

Кие бізге, құлыным.

Алтай - алтын бесігің,

Ие бізге, құлыным.

 

"Алтай - алтын бесік" деп,

Аталады, құлыным.

Арғы бабаң жолына,

Апарады, құлыным.

 

Алтай тауға қараған,

Шалқайатын, құлыным.

Ұлы Дала тәжіндей,

Алтай - алтын, құлыным,

 

Бәрін айт та, бірін айт,

Бас иетін, құлыным,

Алтай тауы - Атажұрт,

Қасиетің, құлыным!

 

2.

 

Ерте, ерте, ертеде,

Көшпенділер көшінде,

Жаңа кезең басталған,

Ұлы Дала төсінде.

 

Алтай таудан тараған,

Күллі түрік баласы,

Ата Жұртқа балаған,

Кең далаға қарашы.

 

Ақылдысың өрелі,

Ал құлақ сал, сөзіме.

Қалаларды көресің,

Елестетсең көзіңе.

 

Көне қала сырларын,

Жаттап алшы, балақан.

Кезек-кезек есіңе,

Сақтап алшы балақан.

 

Түркістан

 

Жүректердің жұлдызы,

Хан ордасы – Түркістан.

Кие тұтқан ұл-қызы,

Қамал басы – Түркістан.

 

Қалалардың ішінде,

Дара болған – Түркістан.

Исі Түркі жұртына,

Пана болған – Түркістан.

 

Ұлы Дала баласын,

Сағындырған – Түркістан.

Көз сүйсінткен көркіне,

Табындырған – Түркістан.

 

Қожа Ахмет Иасауи,

Баба жатқан – Түркістан.

Жүрегіммен жер басып,

Аралатқан – Түркістан.

 

Рухани іліммен,

Асыратқан – Түркістан.

Күллі қазақ ханының,

Басы жатқан – Түркістан.

 

Қасиеттім, киелім,

Жан-жүрегім – Түркістан.

Сені қатты сүйемін,

Мәңгі, мәңгі – Түркістан.

 

Тараз

 

Кел, ақылды балақай,

Парақтап көр аңызды.

Ұлы Жiбек  жолында     

Қала болған маңызды.

 

Қандай қала дейсің бе?

 

Екі мың жыл далаңда,

Тіршілігі қайнаған.

Дәл қазіргі заманда,

Жарқыраған жайнаған.

 

Жаңалардың ескісі,

Ескілердің жаңасы.

Өзің жақсы білетін.

Сұлу Тараз қаласы.

 

Алмату

 

Сары алтынға шыланып,

Ақ күміске қашалған.

Көне Алмату шәрінде,

Қымбат теңге жасалған.

 

Үлес алып Алмату,

Ұлы Жібек жолынан.

Сол заманда ерекше,

Сауда-саттық дамыған.

 

Сарайшық

 

Еуропа мен Азияға,

Қақпа болған – Сарайшық.

Батырлары ел үшін,

Атқа қонған – Сарайшық.

 

Жағасында Жайықтың,

Орда болған – Сарайшық.

Заманында бәрінен,

Алда болған – Сарайшық.

 

Алтын Орда хандары,

Билік құрған – Сарайшық.

Еуразияға сес берген,

Күйді ұқтарған – Сарайшық.

 

Хандық құрған Қасымның.

Бас қаласы – Сарайшық.

Ең алғашқы қазақтың,

Астанасы – Сарайшық.

 

Сауран

 

Салтанатты Сауранда,

Мәдениет гүлденген.

Бақша менен бауларда,

Сан өсімдік түрленген.

 

Ең бай қала болыпты,

Көрдік көне жазбадан.

Биік қала екені,

Анықталды қазбадан.

 

Сайрам

 

Қорғандары қаланған,

Биік-биік қамалдан.

Сайрам жайлы біліп ал,

Бау-бақшаға оранған.

 

Ұмытқан жоқ ел мүлде,

Қыш кірпішпен өрілген.

Минаретін көрдің бе?

Алыс жерден көрінген.

Отырар

Ұлы мұрат жолында,

Табысқандар қаласы.

Ұлы мақсат ұстанған,

Данышпандар қаласы.

 

Қайтпас қайсар қаһарман,

Батырлардың қаласы.

Айтқан сөзі – атқан оқ,

Ақындардың қаласы.

 

Адамзаттың ғылымын,

Өркендеткен – Отырар,

Өркендеген білімін,

Көркемдеткен – Отырар.

 

Ақ күмбезді қаласын,

Алтынымен аптаған.

Көк күмбезді ордасын,

Күмісімен қақтаған.

 

Әл-Фараби бабамдай,

Дана туған – Отырар.

Ғылым менен білімнен,

Жаратылған – Отырар!

 

Ұлы Жібек жолы


Балақай, Жібек Жолын білесің бе?

Біліп ал, білім сенің үлесіңде.

Планшет, телефонмен күнің өтіп,

Оқымай білімсіз боп жүресің бе?

 

Қарасаң, Қазақ Елі картасында,

Қарасаң, әр тасында, жартасында,

Бойында Жібек жолдың көп қала бар,

Кіндігі – Еуразия ортасында.

 

Ұмытпа, есте сақта мұны бала,

Қазақтың тарихында мұңы – дара.

Ертеден ата-бабаң мекендеген,

Еуразия ортасында Ұлы Дала.

 

Жақсы мен жамандықты салғастырған,

Сауда мен мәдениетті алмастырған.

Ұлы Жібек жолының жүйесімен,

Батыс пен Шығыс жақты жалғастырған.

 

Көш өткен кереуен-керуен кер даладан,

Ер бабаң ешбір жанды алдамаған.

Салтанатты саудагер еркін өткен,

Тонамаған оларды, торламаған.

 

Құстардай ойдан ұшқан, қырдан ұшқан,

Саудамен емін-еркін айналысқан.

Парсы, Қытай, Үн­ді де, славян да

Өзара емін-еркін байланысқан.

 

Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны

 

1.

Ішің пысып пәтерде

Ойнағанда тәтеңмен,

Қызыл түсті алманы,

Ағаң сатып әперген.

 

Алма, алма, алманы,

Қандай жақсы болғаны.

Өзі сондай тәп-тәтті,

Өзегіңді жалғады.

 

Сөмке тігіп қолдан біз,

Алма сатып алғанбыз.

Есіңде ме, құлыным?

Демалысқа барғанбыз.

 

Барған едік сәуір айы,

Тамаша ғой ауа-райы,

Алғаш алма өскен жер,

Алатаудың баурайы.

 

Сағындың ба, атаны,

Сағындың ба, апаны?

Өзің барған Алатау,

Алмалардың отаны.

 

Құлыншағым, қорғаным,

Ботақаным, арманым.

Алма бізде өскенін,

Дәлелдеген бар ғалым.

2.

Алыс барып елден біз,

Қызғалдақты көргенбіз.

Қызыл-қызыл гүлдерді

Қызығып-ақ тергенбіз.

 

Сондай нәзік әдемі,

Таңғажайып әлемі.

Атам айтқан сол гүлдер:

«Әсемдіктің Сәлемі»

 

Жазда барып атамнан,

Қолды жайып, бата алғам.

Қызғалдақтың тарихын,

Сұрап көрдім апамнан.

 

Апам айтты: «Жараған,

жан-жүрегім, бол аман.

Бізде өсіп қызғалдақ,

Бар әлемге тараған.»

 

Атам: «Аман бол» деді,

«Бізде біраз қал» деді.

«Қызғалдақтың құлыным,

Үш мың түрі бар» деді.

 

Сен де досым, біліп ал,

Көкейіңе іліп ал.

Елімізде отыз бес,

Қызғалдақтың түрі бар.

 

Бауыржан Қарағызұлы

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *