Онлайн несие аламын деп ойладыңыз ба? Енді оңай болмайды – жаңа тыйымдар күшіне енбек
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстанда тұтынушылық несие рәсімдеу тәртібі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты жаңа, қатаң шектеулер енгізетін қаулы жобасын жариялады. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Онлайн рәсімдеген несие енді бірден берілмейді
Егер азамат интернет арқылы 150 АЕК-тен жоғары (690 мың теңге шамасында) кепілсіз несие рәсімдесе, қаржы тек келісімшартқа қол қойып қана қоймай, арнайы платформалар арқылы келісімді растағаннан кейін ғана қолына тиеді. Яғни, «бір түймешені басып-ақ ақша ала салу» кезеңі аяқталмақ.
Несиеңізді "суытып" алмас бұрын – асықпаңыз
Агенттік "суыту механизмін" іске қосуды көздеп отыр. Бір тәулікте бірнеше несие рәсімдеген жағдайда, олардың жалпы сомасы 150 АЕК-тен асса, банктер мен МҚҰ-лар қосымша қарыз беруге тыйым салады. Бұл – асығыс шешім қабылдайтындар үшін "қызыл сызық".
21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан азаматтар, сондай-ақ алғаш рет ірі несие рәсімдейтіндер үшін, енді несие шартын тек бөлімшеге барып, жазбаша түрде растау міндеті енгізілмек. Бұл жас ерекшелігіне сай алдамшы ұсыныстарға тосқауыл қоюға бағытталған.
Бұдан былай банк пен микроқаржы саласындағы омбудсмен болғысы келетін үміткер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша кем дегенде B2 деңгейінде қазақ тілін меңгергенін дәлелдеуі қажет. Мемлекеттік тілге құрмет – жауапты қызметтің алғашқы талабы болмақ.
Пікірлер (0)