Ақмола облысында Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды экологиялық акция өтті

Жаңалықтар
view 29
news

Фото: Ресми дереккөзден

Ақмола облысының он мыңдаған тұрғыны Дүниежүзілік тазалық күніне (World Cleanup Day) орай ұйымдастырылған ауқымды экологиялық акцияға қатысты. Игі бастамаға қала тұрғындарымен қатар ауыл азаматтары да белсенді атсалысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Өңірдің елді мекендерінде тұрғындар қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазалап, аулалар мен көшелерді ретке келтірді, әлеуметтік нысандардың айналасын абаттандырды. Экологиялық акция «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Ақкөл қаласында өткен тазалық жұмыстарына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та қатысты. Өңір басшысы табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениеті қоғамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.

– «Таза Қазақстан» бастамасы – тек көшелерді тазалау, аумақтарды абаттандыру немесе ағаш отырғызу ғана емес. Бұл – әр адамның қоршаған ортаға, өзінің қаласы мен ауылына, туған жеріне деген жауапкершілігі. Таза Қазақстан дегеніміз – таза көшелер мен көрікті қалалар ғана емес. Ол – ойымыздың, ниетіміздің және ісіміздің тазалығы. Бүгінде атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесін көріп отырмыз: аумақтар абаттандырылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер бой көтеріп, қалалар мен ауылдардың көркі артып келеді, – деді Марат Ахметжанов.

Экологиялық акция аясында тазалық жұмыстарымен қатар көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Өңірдің жасыл қорын толықтыру мақсатында қарағай, шырша, терек, қайың, үйеңкі, балқарағай, емен, жабайы алма және басқа да ағаш-бұта түрлерінің бес мыңға жуық көшеті отырғызылды.

Табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар Ақмола облысында жыл бойы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері өңірде 2,8 мың гектар аумаққа шамамен 16 миллион түп ағаш отырғызылды.

Экологиялық акцияға қатысушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоршаған ортаны таза ұстаумен ғана шектелмейді. Олар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Бүгінде тазалық пен абаттандыру – бір күндік науқан емес, елді мекендердің жайлылығы мен табиғи ортаны сақтауға бағытталған тұрақты жұмыстың бір бөлігі. Әрбір таза аула, абаттандырылған көше мен отырғызылған ағаш – туған жерге деген қамқорлықтың нақты көрінісі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *