«Қазақша сөйлеуге тыйым, намазға рұқсат жоқ»: Зауыт жұмысшылары Президентке үн қатты
Сурет: Ашық дереккөзден
Атырау облысындағы вагон құрастыру зауытының жұмысшылары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, жұмыс орнындағы тілдік теңсіздік пен діни сенімге қысым мәселесін көтерді. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі хабарлайды HALYQSTAN арнасына сілтеме жасап.
«Басшылар қазақ тілін білмейді»
Жұмысшылардың айтуынша, зауыт қызметкерлерінің 90%-дан астамы — жергілікті қазақстандық азаматтар. Алайда басшылық құрамда мемлекеттік тілді меңгермеген шетелдік мамандар көп. Бұл жағдай өндіріс процесінде түсініспеушілік тудырып, қызметкерлердің құқығын шектеп отырғанын жеткізді.

«Біз қазақ тілін білетін, қос тілді меңгерген мамандардың басшылыққа келуін қалаймыз. Бұл тіл теңдігі емес, кәсіби әділет талабы», – делінген үндеуде.
Дінге де қысым бар ма?
Жұмысшылар зауытта жұма намазына бір сағат уақыт сұрағандар кері реакцияға тап болатынын айтады. Көпшілігі рұқсат берілмей қаламыз не жұмыстан қуыламыз деп қорқады. Сонымен қатар, Құрбан айт секілді діни мерекелердің мүлде ескерілмейтінін де атап өтті.

«Бұл – жай ғана өтініш. Біз шағым айтып отырған жоқпыз. Тек келісім мен өзара құрметті қалаймыз», – дейді қызметкерлер.
Олардың айтуынша, жұма намазына уақыт беру мен шағын намаз оқитын бөлме бөлу зауыт жұмысына еш кедергі келтірмейді, керісінше адамдардың рухын көтеріп, еңбекке ынтасын арттырады.
Зауыт туралы:
Атырау вагон құрастыру зауыты – Texol компаниялар тобы іске қосқан ірі өндірістік жоба. 2023 жылы пайдалануға берілген кәсіпорын жылына 8 мыңға дейін жүк вагоны мен цистерна шығаруға қауқарлы. Жоба индустрияландыру мен импортты алмастыру аясында жүзеге асқан.
Пікірлер (0)