Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады
Сурет: Ақорда
Президент барша халықты Астана күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Биыл бұл мереке Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Қасым-Жосарт Тоқаев мұның символдық мәні зор екенін айтты.
«Қазақтың қасиетті қара домбырасы Ұлы даланың мыңжылдық бірегей мәдени мұрасын әйгілейді. Ал елордамыз Қазақстанның тұрақты әрі қарқынды өсіп-өркендеуін және жасампаз ұлттың жарқын болашаққа ұмтылысын айшықтай түседі», -деді Президент.
Бүгінде Астана – еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасы. «Дәл осы жерде халқымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданады, озық идеялар іске асырылып, биік мақсаттар орындалады. Мұнда білімпаздық пен еңбекқорлық құндылықтары берік орнығып, жұртымыздың ынтымағы мен келісімі нығая береді, - деп жазды Мемлекет басшысы өзінің құттықтауында.
Сондай-ақ Астана Орталық Еуразияның жауһары, заманауи Қазақстанның келбеті саналады. Халықаралық қауымдастық бас қаламызды бітімгершілік бастамаларды жүзеге асырып, жаһандық диалог орнату ісінде ерекше рөл атқаратын бейбітшілік шаһары ретінде біледі.
«Елордамыз әрдайым түбегейлі өзгерістер мен ауқымды реформалардың бастауында тұрады. Алдағы уақытта да Астанамыз Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы жалпыұлттық жаңғыру жұмыстарына ұйытқы бола береді деп сенемін. Сүйікті қаламыз өркендеп, гүлдене берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! - делінген құттықтауда.
Пікірлер (0)